Қазақстанда балалар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артты. Жыл басынан бері 31 мың балада осы диагноз тіркелген, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында Нұр-Сұлтандағы педиатрлар қауымдастығының басшысы, "Астана" медицина университетіндегі балалар ауруы кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, жоғары дәрежелі педиатр дәрігер Сағира Әбдірахманова.
"Бүгінде алаңдауға тұрарлықтай жағдай қалыптасты. Әлемде балалар арасында ауру өршіп тұр, біз де кейін қалып отырған жоқпыз. Қазірдің өзінде шамамен 38 мың бала тіркелді. Ал жыл басынан бері 31 572 балада коронавирус анықталды. Соңғы айда балалардың ауру жұқтыруы тым жиіледі", - деді ол.
Балалардың 50%-ке жуығы симптомсыз ауырады. Оның айтуынша, аурудың күрт өршуіне бетперде режимін сақтамау, адам көп жиналатын орындарда болу әсер етіп отыр. Сонымен қатар жаңа штамдар иммундық жүйені "айналып өте алады". Сондықтан иммунитет жасушалары инфекцияны дер кезінде айнықтай алмайды және сәйкесінше күресе алмайды.
Ол салмағы аз, қант диабетіне, семіздікке шалдыққан және тағы басқа ілеспе ауруы бар балаларда ауру ауыр өтетінін айтты. Сонымен қатар коронавирусты инфекцияны жұқтыру кезінде балалардың жоғарғы тыныс алу жолдары мен асқазан-ішек жолдары жиі зақымдалады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда балаларға вакцина салынуы мүмкін
Сондай-ақ Сағира Әбдірахманова балаларды кемінде 12 жастан бастап коронавируса қарсы вакциналау қажет деп санайды. Вакциналау болмаған жағдайда офлайн оқу форматына көшу күрделі болады.
"Егер әлемдік қауымдастық балаларға 12 жастан бастап екпе салғызуға рұқсат етсе, бұл балаларды қорғауға көмектесер еді", - деді ол.
Дәрігер профилактика мақсатында ата-аналарды балалардың бетперде тағуын және әлеуметтік қашықтықты сақтауын қадағалауға шақырды. Толығырақ видеода.