Сәтті кадр: Алматыда қай жерде суретке түсуге болатынын білесіз бе – фото
Сәтті кадр: Алматыда қай жерде суретке түсуге болатынын білесіз бе – фото
Sputnik Қазақстан
Алматы – еліміздің мәдени, тарихи және қаржы орталығы. Алматыны айтқан кезде бірден ойға келетін жер көп. Бірі қаланы алмамен, бірі биік тауларымен... 22.07.2021, Sputnik Қазақстан
Алматы – еліміздің мәдени, тарихи және қаржы орталығы. Алматыны айтқан кезде бірден ойға келетін жер көп. Бірі қаланы алмамен, бірі биік тауларымен байланыстырса, енді бірі тіршілігі қайнаған қызу өмірмен байланыстырады
Әрбір алматылық қалаға келген қонаққа қала ортасында тұрған бөлек әлем – ботаникалық баққа, тауларға қол созым жерде тұрған Тұңғыш президент паркіне барып, ескі әрі жаңа ғимараттарды көруге кеңес береді.
Күнделікті өмірді әлеуметтік желі арқылы көрсететін уақытта фотоға түсуге болатын көрікті жерлерді іздейтін адам да көп. Мың бояулы қаланың әр бұрышында ерекше фото жасауға болады. Осындай орындар туралы Sputnik Қазақстан материалынан біле аласыз.
1932 жылы құрылған Ботаникалық бақ 2019 жылы жөндеуден өтті. Бір жылға жалғасқан жаңарту жұмыстарынан кейін бақ іші жаңаша түрге енді. Жол жөнделіп, демалуға арналған орындықтар қойылды. Тіпті шағын көлшік пайда болды.
Жалпы аумағы 103,6 гектар аумақтағы бақта фотоға түсуге болатын жер жетерлік. Қаз-қатар тұрған ағаштар да, арнайы фотоға түсу үшін жасалған арка да сән беріп тұр. Тек аздап қиялды қосса жеткілікті.
Көктем шыға демалыс сайын қала тұрғындары дәл осы баққа келуге асығады. Себебі мұнда таза ауада қаланың дәл ортасында отырып күйбең тіршіліктен тынығуға мүмкіндік бар
Әл-Фараби мен Науаи көшелерінің қиылысында орналасқан бұл саябақ 2010 жылы ашылған. Бұл жерде жыл сайын алма көрмесі мен спорттан жарыстар өтеді. Ал жастар "мұнара" маңында фотосессия жасап, Lovestory түсіреді
Қала тұрғындары арасында танымал жердің бірі – Нұрлы тау ғимараты. Әл-Фараби көшесінде орналасқан бұл бизнес орталық қабырғасының әйнектен жасалғанымен ерекшеленеді
Қазақ-Британ техникалық университеті. 1957 жылы құрылысы аяқталған бұл ғимарат бір кездері ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің Үкімет үйі болды. Төле би көшесінде орналасқан ғимарат әлі күнге дейін келбеті мен маңызын жоғалтпаған
Алматыдағы ерекше көшелердің біріне композитор Мұқан Төлебаевтың аты берілген. Мұнда бір кездері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов секілді жазушылар мен Дінмұхамед Қонаев тұрған.
Астана алаңына қарама-қарсы орналасқан орталық гүлзар ішінде жастар махаббаттың белгісі ретінде құлыпты бекітіп, кілтін суға тастайды. Дәл осы жерде субұрқақ жанында фотоға түсуге мүмкіндік бар.
Қалада адам көп жиналатын жердің бірі – Арбат. Мұнда қаланың қызу тіршілігін көрсетіп, ары-бері өткен адамдар мен жұмыстан кейін демалып отырғандар арасында фотоға түсуге болады.