НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде — Sputnik. Австрия астанасындағы АҚШ елшілігінің бірнеше қызметкері тұрақты түрде бас ауырып, жүрегі айнып, бас айналғанын және бойын үрей билегенін айтып шағымданған, деп жазды РИА Новости.
Дипломатиялық қызмет қауіпті әрі қиын. Сондықтан бұл саладағы қызметкерлердің басы ауырып, жайсыздықты жиі сезінуі қалыпты жағдай. Яғни осы уақытқа дейін қалыпты жағдай ретінде қабылданып келді. Бірақ дипломаттардың бас ауруы ресми түрде "Гавана синдромы" деп аталды. Сондай-ақ "Гавана синдромы" Ресейдің Венадағы арнайы қызметі жиі қолданатын қиял-ғажайып қарудың салдарынан болады-мыс.
Орталық барлау қызметінің директоры Уильям Бернс "денсаулығына зиян келтірген, белгісіз заттан зардап шеккен" қызметкерлермен сұхбат жүргізді. Сол кездегі АҚШ президенті Барак Обама Кубаға қатысты санкцияларды біршама жеңілдетіп, Гаванаға іссапармен барып қайтты. Араға елу жыл салып, аталған аумақта АҚШ елшілігі ашылды. Келген дипломаттарға Хемингуэйдің сүйікті барында коктейль ұсынылды.
Алайда Американың келесі президенті Дональд Трамп Обаманың барлық бұйрығының күшін жойып, Кубамен арадағы жаңа ғана басталған достыққа балта шапты.
Сол кезде Гаванадағы америкалық дипломаттар мен Орталық барлау қызметінің өкілдері дәл сол симптомдарға (бас ауруы, жүре айнуы, дұрыс естімеу) шағымданды. Америка билігі ғалымдардың зерттеу жүргізуін талап етті де, нәтижесінде дипломаттар "микротолқынды" немесе "дыбыстық" қарудың құрбанына айналған болуы мүмкін деген ұйғарымға келді.
Мемлекеттік департаменттің бұл қорытындысы тіпті америкалық БАҚ-тың өзінде келеке-мазаққа айналды. Қалай болғанда да бастапқы мақсатқа қол жетті: Кубадағы Америка елшілігі күрт қысқартылып, дипломатиялық қызметкерлердің статусы төмендетілді. Ел қайтадан санкциялардың "құрсауында" қалып қойды. Кубалықтарды америкалықтарға шабуыл жасады деп айыптады.
Австрия билігі тәуелсіздігі және Ресеймен қарым-қатынасты қалпына келтіру әрекеті арқылы АҚШ наразылығын тудырып отырған сыңайлы. Австриядағы OMV Group бас мұнай-газ компаниясы Ресеймен кеңес дәуірінен бері ынтымақтастық орнатқан және "Солтүстік ағын – 2" газ құбырының құрылысына қатысқан. Австрия канцлері Себастьян Курц Вашингтонның өзін нарциссизм, оппортунизмге қатысты айыптауларына қарамастан өткір ойлары мен кесімді тұжырымдарын жиі-жиі айта бастады.
Басылымның хабарлауынша, АҚШ-тың Австрияға шүйлігуі салдарынан туындаған "Гавана синдромы" сценарийінің көздеген мақсатқа жетуі екіталай екені қазірден байқалады. Керісінше бұл жағдай америкалықтардың өз имиджіне орасан зор нұқсан келтіріп отыр.