НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде – Sputnik. Америкалық тарихшылар АҚШ-ты басқарған президенттер рейтингін шығарды, деп жазды USA Today.
Бұл C-SPAN каналының 2000 жылдан бергі төртінші зерттеуі. Рейтинг шығару жұмысына тарих саласының 142 маманы жұмылдырылған.
Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, ең нашар президенттер қатарында Дональд Трамп бар. Ол рейтингке қатысушы 44 президенттің ішінен небары 312 балл жинап, 41-ші орынға жайғасты. Оның моральдық және әкімшілік басқару қасиеттеріне төмен баға берілген. Оған дейін ел басқарған Барак Обама 664 балл жинап, алғашқы ондыққа енді.
Ал халық қалауынан шыққан көшбасышалар тобын Авраам Линкольн бастап тұр. Сонымен қатар алғашқы үштікке Джордж Вашингтон мен Франклин Рузвельт енді. Үздік ондық қатарында Джон Кеннеди мен Рональд Рейган бар.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тың 45-ші президенті: Дональд Трамп қандай әрекеттерімен есте қалды – фото
Рейтингтің 19-шы орны Билл Клинтонға тиесілі, 21-ші орында – үлкен Буш болса, кіші Бушқа 29-шы орын бұйырды. Ричард Никсон рейтингте 31-ші болып тұр.
Президенттер рейтингі он көшбасшылық қасиет бойынша сараланғанын атап өткен жөн. Тарихшылар мен сарапшылар мемлекет басшыларының халықты сендіру қасиетіне, экономикалық басқарудағы бағытына, моральдық беделіне, әкімшілік дағдыларына, АҚШ Конгресі және өзге елдермен байланысына баға берген.