АҚШ пен НАТО-ның материалдық-техникалық қолдауымен түрік әскері және "Талибан"* арасындағы ықтимал қақтығыс ауған территориясын Ауғанстан Ислам Республикасы мен "Ислам эмираты" ықпал ететін аумақтарға бөлуге әкеп соғуы мүмкін.
Түріктердің қорғаныс министрі Хулуси Акар сейсенбі журналистерге ауған жоспары туралы айтты: "Біздің мақсатымыз – ауған бауырларымыздың қауіпсіздігі, бейбіт өмірі мен өркениеті үшін үлес қосуды жалғастыру". Сонымен қатар министр Кабулдағы Хамид Карзай атындағы халықаралық әуежайды пайдалану және оның қауіпсіздігі жайлы сұрақтарға жауап берді. Негізгі тезистерге тоқталсақ.
Тәлібтердің артып жатқан ықпалы проблемаға айналған жоқ және түрік тарабы Ауғанстандағы жағдай мен Тәжікстан және Өзбекстан шекарасындағы қауіпсіздік деңгейін мұқият бақылап отыр. Ауғанстандағы әскери-саяси жағдайды есепке ала отырып, Түркия мен АҚШ арасында "конструктивті және позитивті келіссөздер" жалғасып жатыр.
Акар АҚШ пен "Талибан"* арасындағы Доха келісімінен қашқақтайды. Себебі егер Түркия альянстың соғыс әрекеттеріне қатыспаған болса, тек техникалық қызмет көрсету және жөндеу, әуежайды күзетуді қамтамасыз етсе, 31 тамыздан кейін бұл іс-қимылды жалғастыра беруге ешқандай кедергі жоқ.
Бірақ тәлібтер мұнымен келіспей отыр және НАТО елдерінің, соның ішінде Түркияның да бөлімшелерін "жихад" нысандары деп санайды. Әйтсе де ауған елордасы әзірше үкіметтік күштің бақылауында тұр.
Түрік әскерінің Кабул әуежайында қалуы қазіргі ауған үкіметі мен "Талибан"* арасында ымыраға қол жеткен жағдайда ғана дұрыс болады. Алайда тәлібтермен мәмілеге келу екіталай. Сондай күн туып, келісім жүзеге асқан жағдайда да, Кабулдағы түрік бөлімшелеріне АҚШ пен НАТО-дағы серіктестер материалдық-техникалық көмек көрсететіні анық. Яғни миссия халықаралық сипатқа ие болады.
"Кабул әуежайы" миссиясына қолдау көрсетуді америкалық және түрік президенттері маусымда талқылаған болатын. 31 тамыздан кейін АҚШ пен НАТО-ның әскери ықпалын ұзарту айқын көрініп тұр. Сондықтан "Талибан"* Ауғанстан аумағындағы түрік әскері АҚШ-пен келісімді, елдің егемендігі мен аумақтық бүтіндігін бұзып отыр деп ашық жариялап, бұл Түркия үшін қиындықтар, тіпті жихадқа алып келетінін жеткізді.
Тәлібтер 7 000 сотталған содырды босатып, БҰҰ "қара тізімінен" шығарған жағдайда ғана үш айлық бейбітшілік орнатуға келісті. Алайда америкалықтардың бастамашылық етуімен 5 000 тәлібті азат етуі көктемде соғыс әрекеттерінің ушығуына алып келгені әлі де көптің есінде. Сондықтан бостандыққа шыққан содырлардың террористіктен бас тартуы екіұдай.
Ауған мәселесінде Қытайдың экономикалық және әскери-саяси ықпалын асыра бағалау мүмкін емес. Қытай "Талибанмен"* дипломатиялық қарым-қатынасты арттыруды көздеп отыр. Бейжің өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін тәлібтерге ұйғырлардың "Шығыс Түркістанның ислам қозғалысымен" әріптестіктен бас тартуды ұсынды. Қос тарап келісімге келді. Сондықтан Кабул әуежайындағы түрік әскері қытайлардың да көңілінен шыға қоймас.
Сонымен қатар Бейжің Орталық Азия бағытында да белсенді. ҚХР сыртқы істер министрі Ван И 12-16 шілдеде Ауғанстанмен шекаралас Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдеріне іссапармен барып, тиісті ведомство басшыларымен ауған еліндегі жағдайды талқылады.
13 шілдеде Ашхабадта Ван И түрікмен тарапына ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қытайдың "қауіпсіздік саласындағы дәстүрлі және дәстүрлі емес ынтымақтастықты нығайтуға" дайын екенін атап өтті. Үш елдің астанасында да қытайлардың "сыртқы күштердің араласуына жол бермеу" туралы ұсынысы әртүрлі формада басым болды.
Өңірде ішкі күштерге қатысты мәселені түріктердің араласуынсыз-ақ реттей алады. Мысалы, Ресей "Талибанға"* ескерту жасады - Орталық Азиядағы одақтастарының шекарасы мен қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда "орны толмас шығын" болуы мүмкін. Сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан тамыз-қыркүйек айларында Ауғанстан шекарасы маңында арнайы күштердің бірлескен бірнеше оқу-жаттығуын өткізеді.
Ауғанстанның солтүстігінде маршал Абдул-Рашид Дустум мен Ахамд Шах Масудтың ұлы халықты "Талибанға"* қарсы күреске дайындап жатыр. Оның үстіне АҚШ өз әскерін ауған жерінен шығару процесін 95%-ке аяқтады. Сол себепті жағдай түріктер мен тәлібтердің арасында қарулы қақтығысқа дейін жетуі екіталай.
* – Қазақстанда, Ресейде және бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым