НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Түркістан облысында жүргізуші жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция тобының инспекторлары күндізгі сағат 10:30 шамасында Асықата кенті көшелерінің бірінде Toyota Camry көлігінен күдіктеніп, тоқтатқан.
Тексеру кезінде көлік ішінен спирттік ішімдіктің ыдысы табылды. Сондай-ақ жүргізуші ішімдік ішкен деген күдікке ілініп, медициналық куәландырудан өткізілді. Нәтижесінде тұрғынның "орта дәрежелі" мас екені белгілі болды.
Полицейлер көлікті айып тұрағына қойды. Жинақталған іс-құжаттар заңды шешім шығару үшін аудандық сотқа жолданды.
Жетісай аудандық соты ішімдік ішіп көлік рөліне отырған жүргізушіні кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуға, сонымен қатар 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыруға үкім етті.