НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Павлодарда полиция мас күйінде рөлге отырған әйелді ұстады. Көліктің ішінде оның төрт баласы болған.
Павлодар қаласының полицейлері түнгі сағат үш шамасында Новосибирская көшесінде ВАЗ-2107 маркалы көлігін тоқтатады. 30 жастағы әйелдің көлікті мас күйінде жүргізгенін медициналық сараптама нәтижесі көрсеткен. Ең сорақысы, оның көлігінде кәмелетке толмаған он, жеті, үш және бір жасар баласы болған, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Іс мамандандырылған әкімшілік сотта қаралып, қала тұрғыны 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылды (ӘҚК 1-бөлігі, 608-бабы). Сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік жүргізгені үшін (ӘҚК 2-бөлігі, 590-бабы) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК (26 510 теңге) көлемінде айыппұл салынды", – делінген хабарламада.
Бүгінде үш бала қиын жағдайдағы балаларды қолдау жөніндегі облыстық орталыққа жіберілсе, бір жасар бала "Сәбилер үйіне" тапсырылған. Осы жағдайға байланысты әйелдің үстінен кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін (ӘҚК 127-бабы) әкімшілік іс қозғалды. Материалдар сотқа жіберілген.
Оқи отырыңыз: Мас адам бір отбасын ойрандады: 12 жасар бала ғана аман қалды – видео
Айта кетейік, жыл басынан бері полицейлер рульде мас болған 235 жүргізушіні ұстады.