НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде — Sputnik. Қызылорда облысының Арал ауданындағы Аққұм, Қарақұм және Жақсықылыш ауылдарында жергілікті халықтың қорасындағы төрт түліктің бірі - түйелер ауруға шалдығып жатыр.
Жануарлардың тұяқтары іріңдеп, шіріп, түсіп қалып жатыр.
"Бүгінгі күнге дейін осындай 24 жағдай тіркелді. Ветеринар мамандар ауру жұқтырған малды тексеріп, емдеп жатыр. Бұл не ауру екенін анықтадық. Бұл – некробактериоз және онымен кез келген мал ауыруы мүмкін", - деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дармағанбетов.
Некробактериоз – ауыр және созылмалы сипатта жүретін инфекциялық ауру және терінің, шырышты қабықтың және ішкі органдардың жара-әріңді қабынуымен сипатталады. Оның қодырғышы - Fusobacterium necroforит.
Некробактериозды барлық мал-жануар түрі мен адам (зооантропоноз) да жұқтыруы мүмкін. Бұл дертті уақытында емдемесе, ол өлімге алып келуі мүмкін.
"Бұл ауру жем-шөптің жетіспеуі, қуаңшылық салдарынан арық, көтерем болып қалған және иммунитеті төмен жануарларда көптеп таралады. Түйелерде көбіне табаны некробактериозға шалдығып, сүйелді қабық бұзылады", - деді Дармағанбетов.
Оқи отырыңыз: Ірі қара арасында індет тарап жатыр: Солтүстік Қазақстанда шаруашылықта шектеу күшейді
Арал ауданындағы барлық ауру малды қазір емдеп жатыр және жануарлардың дәрі-дәрмегіне қажетті ақшаны мал иесі беріп отыр.
"Түйелерге "Бициллин-3", "АСД фракция-3", "Ашокси", "Нитокс-200" сынды препарат салынып жатыр. Емдеу курсының бағасы тоғыз-он мың теңге шамасында", - деді Дармағанбетов.
Аталған ауру белгісі бар түйелерден де қажетті сынамалар алынды. Ол сынамалар толық көлемде зерттеу жүргізу үшін Қызылорда облысындағы республикалық ветеринария зертханасының филиалына жолданады.