НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Қарағандылық полицейлер банк алдында тұрғынды тонап кеткен күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
30 маусым күні сағат 20:00 шамасында Қарағанды қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығына қаладағы банктердің бірінің алдындағы тұрақта екі белгісіз адам күш қолдану арқылы тұрғынның 500 мың теңгесін алып кеткені туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына Михайлов полиция бөлімінің, Қарағанды қаласы полиция басқармасының және Қарағанды облысы полиция департаменті жедел-тергеу топтары шықты.
Қарағандының 59 жастағы тұрғыны азық-түлік тауарларын сататын сауда кәсіпорнында менеджер болып жұмыс істейді.
Сол күні ол көтерме сауда ұйымынан жеткізілген өнім үшін 20 миллион теңге алып, ақшаны бас кеңсеге аудару үшін банкке барған. Ер адам қаржы мекемесіне кіре берісте тұрақтап, көліктен түспек болған сәтте екі жігіт жүгіріп келіп, автокөлік есіктерін ашқан.
Оқи отырыңыз: Әкесін қарақшыдан құтқарды: Атырау базарында болған оқиғаның видеосы тарады
Осылайша, менеджердің қолындағы ақша салынған пакетті жұлып алмақ болған. Алайда ер қарсылық көрсеткен. Осы уақытта пакет жыртылып қарақшылар жерге түскен бума ақшаны ғана алып кеткен.
Шығын көлемі 500 мың теңгені құрады.
"Ер адам полицияға оқиғадан үш сағат өткен соң ғана жүгінді. Оның айтуынша, ол алдымен қалған ақшаны бас кеңсеге жіберуді көздеген. Аталмыш уақыт ішінде күдіктілер қаладан кетіп үлгерді. Біз оларды Шығыс Қазақстан облысының аумағында анықтадық. Екі облыстың полицейлері бірлесіп, үш күдіктіні ұстадық", – деді Қарағанды қаласы полиция бөлімінің өкілі Ескендір Əубəкіров.
Күдіктілер Қарағанды қаласының 22-28 жас аралығындағы тұрғындары болып шықты.
Оларға қатысты сот "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Сотқа дейінгі тергеу "Қарақшылық" бабы бойынша жүргізіліп жатыр.