НҰР-СҰЛТАН, 28 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова неліктен жұмыс істейтін адамдар вакцина салдыру қажеттігін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"11 маусымнан бастап коронавирусқа шалдығу көрсеткіші өсті. Соңғы аптада бір күнде тіркелетіндердің саны 350-ден 620 адамға дейін көбейді", - деді Бейсенова бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, 20-39 жастағы қала тұрғындары коронавирусты жиі жұқтыра бастаған. Олардың басым бөлігі – жұмыс істейтін адамдар.
"Дәл осы топта 11 маусымнан бастап инфекцияны жұқтыру көрсеткіші 37,3 проценттен 40,9 процентке дейін өсіп отыр. Сондай-ақ 50-59 жастағы адамдар арасында коронавирусқа шалдығу жағдайлары екі есеге көбейіп кеткен", - деп атап өтті бас санитар.
Осы орайда бас санитар дәрігер қала тұрғындарын вакцина салдыруға шақырып, қолға алынған шараларға түсіністікпен қарауды сұрады.
"Құрметті елорда тұрғындары мен қала қонақтары, осы уақытқа дейін біз вакцина қабылдау әркімнің жеке шешімі, әркім өз денсаулығына жауапты деп есептедік. Бұл шынымен де солай. Бірақ сіз үйден шығып, жұмысқа келгенше және басқа адамдармен байланысқа түскенге дейін солай болады. Статистика көрсеткендей, қазір індетке шалдыққандардың басым көпшілігі – жұмыс істейтін адамдар. Олар қоғамдық көлікті белсенді пайдаланады және адамдар көп жиналатын жерлерге жиі барады. Дәл осы жұмыс істейтін адамдар арасында коронавирусты жұқтыру көрсеткіші өсіп отыр. Сондықтан ағзаны сенімді түрде қорғау қажет. Ол – вакцина салдыру", - деді Бейсенова.
Оқи отырыңыз: Назарбаев вакцина салдырды
Бас санитар жаппай вакцина салу арқылы ауруды тоқтатып, адам өлімін болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін істеу керек деп есептейді. Сондықтан қабылданған шараларға түсіністікпен қарауды сұрады.