НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қарағанды фармацевтикалық зауытында шығарылған "Спутник V" вакцинасының бірінші компонентін алды, деп хабарлады Elbasy сайты.
Вакцинациядан кейін Елбасы қазақстандықтарды санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға және белсенді түрде екпе салдыруға шақырды.
"Қазіргі таңда Қазақстанда үш миллионға жуық адам вакцина салдырды. Бүгін мен де коронавирусқа қарсы вакцина алдым. Барша қазақстандықтарды белсенді түрде вакцинация жасатуға, одан қорықпауға шақырамын. Әсіресе қазір вирустың жаңа штамы пайда болған кезде вакцина салғызудың маңызы ерекше. Бұл өз денсаулығымыз үшін керек. Біз күрделі уақытта өмір сүріп жатырмыз. Осы қиындықты бірлесіп еңсеруге тиіспіз. Баршаңызға шын жүректен мықты денсаулық пен бақ-береке тілеймін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 18 маусымында баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Елбасының коронавирусқа тапсырған соңғы тесті оң нәтиже көрсеткенін мәлімдеді. Десе де, ол "алаңдауға негіз жоқ" екеніне сендірді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың оқшаулағанын, қашықтан жұмыс істеуге көшкенін жазған болатын.
2 шілде күні Айдос Үкібай Елбасының денсаулығы туралы жазба жариялады.
Оқи отырыңыз: Вице-премьер вакциналаудың жаңа талабы жайлы: азаматтардың құқығы бұзылып отырған жоқ
"Жақсы жаңалығым бар. Бүгін Елбасы коронавирусқа тапсырған тест теріс нәтиже көрсетті. Дәрігерлердің кеңесіне сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев қашықтан жұмыс істеуді жалғастырады, таза ауада серуендейді", -деп жазды Үкібай Твиттердегі парақшасында.
21 маусым күні премьер-министр Асқар Маминнің коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаны белгілі болды.
Айта кетейік, коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қызмет көрсету саласында, өнеркәсіп кәсіпорындарында және өзге де 20 адамнан асатын ұжымдарда міндетті вакциналауды енгізуді ұсынды. Ал екпеден бас тартқандар апта сайын ПТР-тест тапсырады. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысынан кейін осы талаптар заңды күшіне енеді.