НҰР-СҰЛТАН, 26 маусым – Sputnik. 2021 жылдың 24 маусымындағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылардың зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 331 595 өтінішін орындады, деп хабарлады бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.
"Банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,5 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 4,6 млн теңге", - делінген хабарламада.
Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (16,44%), Маңғыстау облысының (15,83%), Нұр-Сұлтан қаласының (12,95%) тұрғындары тарапынан жолданған.
Айта кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 171,5 млрд теңгеден аса сома қайтарылды. Себебі қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған.
Бұған қоса БЖЗҚ-ға емделуге 17 465 өтініш түсті, оның ішінде 11,8 млрд теңгеге 12 445 өтініш орындалды, орташа сома – шамамен 1 млн теңге.
Сонымен қатар, салымшылардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына уәкілетті оператордан 2,2 млрд теңге қайтарылды. Бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.
Жалпы алғанда, салымшылар жалпы сомасы 173,7 млрд теңгеге 51 301 өтінішті (тұрғын үй/емделу) қайтарды.
Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар "Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ, "Қазақстан Халық банкі" АҚ, "Altyn Bank" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ болып табылады.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын пайдалану: енді қайта өтініш беру үшін 45 күн күтудің қажеті жоқ
Естеріңізге салсақ, біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті операторда ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде ұсынады.
Уәкілетті операторға растайтын құжаттар белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылуы тиіс.
Салымшы, сонымен қатар аударылған соманы "Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ға тиісті өтініш беру арқылы БЖЗҚ-ға қайтара алады, оны банк алушыдан қайтаруға өтініш алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.
Осыған орай ұйым өз жинақтарын тиімсіз пайдалану, инвестициялық табыс пен мемлекет кепілдігін жоғалту, сондай-ақ, ЖТС-ты мерзімінен бұрын есептеу жағдайларын болдырмау үшін салымшыларға біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануды жауапкершілікпен әрі мұқият жоспарлау қажеттігін ескертеді.
Зейнетақы жинақтарының мақсатты пайдаланылуын растау үшін қажетті құжаттардың тізімін өтінім бергенге дейін мұқият зерделеп, оларды уәкілетті операторға уақытылы ұсынуды қамтамасыз еткен жөн.