НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысын өткізді. Оған денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да қатысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болып отыр: соңғы аптада КВИ-мен сырқаттану көрсеткіші 43%-ке өсті, төсек-орын жүктемесі артып, емдеуге жатқызылатын науқастар саны ұлғая бастады", - делінген ресми хабарламада.
Кеңесте қала емханаларында эпидемияға қарсы режимнің бұзылатындығы жайында айтылды. Бұдан бөлек, КВИ жұқтырған науқастарға медициналық көмек уақытында көрсетілмейді. Ал мониторингтік топтардың жұмысы әлсіреп кеткен. Сондай-ақ, халықты вакциналау шаралары баяу жүргізіледі.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда карантин күшейтілуі мүмкін
"Биыл мамыр айында елорда бойынша халықты КВИ-ға қарсы иммундау көрсеткіші сәуір айымен салыстырғанда 50%-ке төмендеген", - дейді мамандар.
Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне бір аптаның ішінде барлық кемшілікті жоюға және эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға тапсырма берді.