НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында туған әпкесін балағат сөзбен қорлаған келіншек 80 сағаттық қоғамдық жұмыс жасауға міндеттелді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы күзде Өскемен қаласында тұратын апалы-сіңлі арасында анасынан қалған мұра бойынша жанжал туындаған. Сол кезде кішісі туған әпкесі мен оның күйеуін жамандап, WhatsApp арқылы аудиожазба жіберген. Ал әпкесі оны сақтап қояды да, сотқа жүгініп, отырыс кезінде дәлел ретінде көрсеткен.
"Сот әйелді құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 80 сағатқа қоғамдық жұмыс жасауға міндеттеді. Сотталған пробация қызметінде есепке қойылып, қоғамдық жұмыстарды орындау үшін жергілікті органға жіберілді", - дейді пробация қызметінің бастығы Алмас Бұйратов.
Сондай-ақ пробация қызметінің инспекторлары әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп, есепке алынған адамды одан ары қарай жұмысқа орналасуға көмектеседі.