НҰР-СҰЛТАН, 21 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады. Кездесу барысында президент азық-түлікті арзандату бойынша жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.
Жұманғарин Тоқаевқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығындағы ахуалды тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.
Президент азық-түлік және басқа да тауарлардың бағасын төмендету жөнінде жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Атап айтқанда Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі азық-түлік өндірісі көлемін ұлғайту, отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтарына қолдау көрсету қажет деп санайды.
Сонымен қатар президентке Қазақстандағы биржа саудасының дамуы, құрылыс материалдары, тұрғын үй, жанар-жағармай нарықтарындағы бағаға қатысты ахуал, сондай-ақ кірме жолдар нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде мәлімет берілді.
Тағы оқыңыз: "Бос сөзді қою керек": депутат қымбатшылықтың негізгі себебін атады
Жұманғарин Тоқаевқа мемлекеттік және жеке операторлардың қызметіне жүргізілген талдау жөніндегі тапсырмасының орындалу нәтижелері туралы баяндады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған қазіргі құрылымдарды оңтайландыру жөніндегі ұсыныстарын айтты. Болжам бойынша олар 3,5 миллиард теңге экономикалық пайда әкеледі.
Бұған қоса фармацевтика, автожолдар құрылысы нарықтарындағы, денсаулық сақтау саласындағы монополияға қарсы әрекет ету шаралары туралы айтылды. Салалық ведомствоның жетекшісі президентке бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіретін шектеулерді жою үшін ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп қабылдап жатқан шаралар, ұлттық жоба және бәсекелестікті дамыту жөніндегі заң жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтты.