НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым - Sputnik. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов азық-түлік саласындағы қымбатшылықтың негізгі себебін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ұлттық банк пен үкімет инфляцияның деңгейі небәрі 7,2 процентті құрап отыр деп баяндайды. Алайда дүкендерде мүлдем басқаша жағдай болып тұр. Азық-түліктің кейбір түрлері екі есеге қымбаттап кеткен", - деді Жамалов мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, инфляциямен күресу үшін алдымен монополия мен картельдерді жою қажет. Онсыз қымбатшылықты тоқтату мүмкін емес.
"Жақында Ресейдің премьер-министрі кейбір өнім өндірушілер мен сауда желілерінің ашкөздігі қымбатшылықтың негізгі себебі деп айтты. Қазақстанда тура сондай жағдай болып тұр", - деп атап көрсетті Жамалов.
Депутат бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жұмысын да сынға алды. Ал министрлер жағдайды түсіндірумен ғана шектеледі. Халық нақты шараларды көріп отырған жоқ.
"Жақында ғана бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бағаны негізсіз көтеруге қарсы жаңа тәжірибе жайында баяндаған болатын. Оны "жұмсақ құқық" практикасы деп атайды екен. Алайда, шын мәнінде, кезекті бос сөзге көбірек ұқсайды", - дейді Жамалов.
Осы орайда депутат ресми статистиканы да келтірді. Соңғы төрт айдың ішінде монополияға қарсы орган жұмыртқа, күнбағыс майы, қант, қарақұмық, сүт өнімдері, макарон сияқты тауар өндіретін және жеткізетін компанияларға 48 рет ескерту жасаған. Себебі бағаны өзара келісіп көтерудің белгілері болған. Алайда соңғы 12 айдың ішінде жұмыртқа 33,7 процентке, күнбағыс майы – 48 процентке, қант - 26,3 процентке, ал қарақұмық 29,4 процентке қымбаттап кеткен.
"Агенттік дәл осы тауарлар бойынша ескерту жасаған. Сонда нәтижесі қайда? Бізге ондай "жұмсақ құқықтың" қажеті қанша? Меніңше, қымбатшылық кезінде көзбояушылықпен емес, тиімді жұмыспен айналысу керек", - дейді депутат.
Жамалов үкіметке депутаттық сауал жолдап, азық-түлік бағасын ұстап тұруды тиімді тетіктерін енгізуді талап етті.