НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Түркістан облысында 9-сынып оқушысы өз-өзіне қол салғаннан кейін мектеп директоры екі аптаға жұмыстан шеттетілді, деп хабарлады Otyrar.kz.
"Еңбек кодексінің 48-бабына сәйкес, мектеп басшысы қызметінен уақытша шеттетілді. Тергеу шаралары аяқталғаннан кейін тиісті шешім қабылданады", - дейді Ордабасы аудандық адам әлеуетін дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева.
Қайтыс болған қыздың анасы мектеп директорын кінәлап отыр. Оның айтуынша, директор емтихан кезінде қысым жасаған. Осыдан кейін 9-сынып оқушысы өз-өзіне қол салған. Ол өлер алдында анасына хат жазып кетіпті. "Ана, мен сіздің үмітіңізді ақтаған жоқпын", - делінген хатта.
Түркістан облысында оқушы қыз емтиханнан кейін өз-өзіне қол салды
Анасы сыныптастарынан да мән-жайды сұраған. Олар мектеп директорының емтихан кезінде балды әдейі төмендетіп қойғанын айтқан көрінеді. Себебі қайтыс болған қыз "3"-ке оқыған. Қайтыс болған қыздың анасы оның сынып жетекшісі болған.
Директордың өзі емтихан кезінде оқушыға қысым жасағанын мойындаған жоқ. Қайғылы оқиғадан кейін тергеу шаралары басталды.