НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында өткен аптада екі бала құдыққа құлап көз жұмды, деп хабарлады Алтайньюс.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 7 маусым күні Өскеменде 3 жасар қыз "Ана мен бала орталығына" жеткізілгені туралы ақпарат келіп түскен. Ол жеке үйдің ауласында ойнап жүріп, кәріз құдығына құлап кеткен.
Дәл осындай қайғылы оқиға 9 маусым күні Глубокое ауданында қайталанды.
"Глубокое аудандық полиция бөліміне 3 жасар баланың жансақтау бөліміне түскені туралы хабар келді. Бала ауладағы құдыққа шығып ойнап отырған сәтте қақпағы төңкеріліп, бала ішіне түсіп кеткен", - дейді полиция қызметкерлері.
Бала ауыр жарақатпен ауруханаға жатқызылып, артынша көз жұмды.