Экономика

Сұлтанов картоптың қымбаттауына кінәлілерді атады

© Sputnik / Владимир Астапкович / Медиабанкке өтуКартоп
Картоп - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.06.2021
Жазылу
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта өңірлердегі тұрақтандыру қорларында картоп пен сәбіздің қоры жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов картоп пен сәбіздің қымбаттауына не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес отандық картоп өндірісі ішкі тұтынуды 108%-ке қамтамасыз етеді. Ал картоптың тауарлық өндірісінің көлемі бар болғаны 2,0 миллион тоннаны немесе жалпы түсімнің 47%-ін құрайды. Қалған көлемі тауар айналымына жүйелі түрде қатыспайды, өйткені ол халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарында өндіріледі.

Былтыр экспорт 360 мың тонна көлемінде рекордтық мәнді құрады. Осылайша, картоп экспортының үлесі 19%-ті құрайды, бұл нарықтағы тапшылыққа әкеледі. Осыған байланысты маусымаралық уақытта картопты импорттау қажеттілігі туындады. Бұл жағдай жылдан жылға қайталануда.

"Осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі де, жергілікті атқарушы органдар да тиісті шаралар қабылдамай отыр. Өткен жылы баға картоп экспортына тыйым салу арқылы ғана тұрақтандырылды", – деді Сұлтанов үкімет отырысында.

Айтуынша, биыл картопты төмен бағамен экспорттаудың салдарынан отандық өнім қорлары 3 есе қысқарған (903 мың тоннадан 330 мың тоннаға дейін). Сол себепті Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна қымбат картоп сатып алынды. Оның бағасы отандық картопқа қарағанда үш есе жоғары.

"Жалпы 4 айда картоп импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67 есе өсті, ал жыл басынан бері импорт бағасы 47%-ке жоғарылады. Бұл ретте әкімдіктер барлық қажетті тетігі болса да, халықты қамтамасыз ету үшін ішкі нарықта картоп бағасын ұстай алмады", – деді министр.

Атап айтқанда, субсидиялау кезінде өндірушілерге "қарсы міндеттемелер" қойылмаған. Өңірлік тұрақтандыру қорларына картоп жеткілікті көлемде сатып алынбады. Сондай-ақ форвардтық сатып алу және "айналым схемасы" сияқты нарықтық тетіктер толық пайдаланылған жоқ.

"Өңірлердегі тұрақтандыру қорларында қазіргі уақытта картоп қоры іс жүзінде жоқ", – деп мәлімдеді Сұлтанов.

Сәбіз мәселесі сөз жүзінде қалды

Бұдан бөлек сауда министрі сәбіз бағасына да тоқталды.

Сәбіз бойынша одан да қиын жағдай қалыптасты. Отандық өнім қоры жыл басымен салыстырғанда 5,3 есе төмендеген.

"Негізгі тапшылық сәуірден шілдеге дейінгі кезеңде қалыптасады. Сол аралықта біз Өзбекстаннан қымбат сәбізді импорттауға мәжбүрміз. Бұл ретте Өзбекстанда сәбіз бағасы жыл басынан бері 55%-тен астамға өсті. Сәбіз қоры өңірлерде әлі жеткілікті емес. Тұрақтандыру қорларында бар болғаны 258 тонна сақталуда", – деді ведомство басшысы.

Ал сәбіз бойынша форвардтық сатып алу бүкіл ел бойынша 5,7 мың тоннаны құрайды, оның 73%-і тек Алматы қаласына тиесілі.

Бұған дейін Қазақстан өңірлерінде өткен жылғы картоп өнімінің бағасы шарықтап тұрғаны хабарланды.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда картоп қымбаттауының себебі неде

Картоптың "отаны" саналатын Солтүстік Қазақстан облысында бұл көкөністің бір келісі 500 теңгеден сатылып жатыр. Егіс даласынан картоптың бір килограмы 280 теңгеден, сәбіз бен қызылша – 320 теңгеге дейінгі бағада саудалануда.

Жаңалықтар
0