НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин елорда әкімдігіне коронавирусқа қарсы қосымша шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол елде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанын атап өтті. Вирус жұқтыру деңгейі төмендеп келеді, бір аптада 30%-ке азайған.
"Елорда ғана "қызыл аймақта" қалды. Осы ретте, әкімдік қосымша шаралар қабылдауы керек", – деді Мамин үкімет отырысында.
Айтуынша, халықтың вакцина алуы мен эпидемияға қарсы шаралар нәтижесінде Қазақстан "жасыл" аймаққа кірді.
Сондай-ақ, бүгінгі күні 2,4 миллионға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін, ал 1,3 миллионға жуығы екінші дозаны алды.
Оқи отырыңыз: Мамин денсаулық министрлігіне вакциналау интервалын нақты анықтауды тапсырды
Мамин әкімдіктер мен денсаулық сақтау министрлігіне жаз кезінде вакциналау қарқынын барынша ұлғайтуды тапсырды. Әсіресе, бұл жұмысты Маңғыстау, Ақмола, Қостанай облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында күшейту керек, деді ол.
10 маусымдағы жағдай бойынша өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы:
- "Қызыл" аймақта: Нұр-Сұлтан қаласы;
- "Сары" аймақта: Алматы қаласы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облысы;
- "Жасыл" аймақта: Шымкент қаласы, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облысы.