НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым - Sputnik. Алматыда самосвал жүк көлігі жасыл жарыққа өтіп бара жатқан әйелді қағып кетті. Осыдан кейін тонналық көліктің дөңгелегі оның аяғын жаншып өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Көлік Гагарин мен Левитан көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншіні қағып кетті. Куәгерлердің айтуынша, Howo самосвалы Левитан көшесінің бойымен шығыс бағытқа қарай жүріп келе жатып, Гагарин даңғылына оңға бұрыла бастаған. Бұл кезде әйел бағдаршаммен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатады. Жүргізуші оны байқамай қалып, жылдамдықпен жаяу жүргіншіні қағып, аяғынан басып кеткен.
Жол апаты салдарынан ауыр халдегі әйел жақын жердегі ауруханаға жеткізілді.
Оқи отырыңыз: Үстінен ұшып өтті: Алматыда самокат пен көлік соқтығысты – видео
Қазір жол полициясы қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Олар жол апатының мән-жайын анықтайды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Алматыдағы Достық даңғылында екі троллейбус соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 25-ші троллейбустың әйел жүргізушісі жарақат алды. Жолаушылар зардап шеккен жоқ.