НҰР-СҰЛТАН, 8 маусым - Sputnik. Әкімшілік соттың шешімімен денсаулық сақтау министрлігіне экс-министр Елжан Біртановтың адвокаттары сұратқан құжаттарды уақытында бермегені үшін айыппұл салынды.
Сот отырысында оның қорғаушысы Серік Сағалиев денсаулық сақтау министрлігінің қажетті дәлелдерді жинау кезінде кедергі жасағанын мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, мемлекеттік органға бірнеше рет сауал жолданды. Бірақ біреуіне де жауап келген жоқ. Содан экс-министрді қорғауға қажетті құжаттар да алынбай қалды.
Адвокаттар қорғау қызметіне кедергі жасау фактісі бойынша әділет департаментіне арыз түсірген. Соның негізінде хаттама әзірленіп, әкімшілік сотқа жіберілді. Кеше, 7 маусымда мамандырылған ауданаралық әкімшілік соты денсаулық сақтау министрлігін кінәлі деп танып, әкімшілік шара қолдануға шешім қабылдады.
"Сот 40 812 теңге көлемінде айыппұл салды. Осылайша, әкімшілік соттың өкімімен қажетті дәлелдерді жинауға кедергі жасау фактісі расталды", - деді Сағалиев.
Бүгін мамандырылған ауданаралық тергеу сотында экс-министр Елжан Біртановты үй қамақта ұстау мерзімін ұзарту мәселесі қаралды.
Біртановтың ұсталуы
Елжан Біртанов өткен жылдың 30 қазанында күдікті деп танылып, қамауға алынды. Оған "бюджет қаржысын ірі көлемде талан-таражға салды" деген айып тағылып отыр.
6 қарашада сот бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстырды. Экс-министрге медициналық мекемеге баруды қоспағанда, үйден шығуға, телефонмен сөйлесуге, хат-хабарлама жолдауға және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салды. Сонымен қатар оған отбасы мүшелерінен басқа адамдармен сөйлесуге тыйым салды.
2021 жылдың 21 сәуірінде судья Елжан Біртановтың үйқамақта болу мерзімін 14 мамырға дейін созды.
Оқи отырыңыз: Цой Біртановпен арақатынасы туралы: "Қазір араласпаймыз"
Сот экс-министрге "өмірге қажетті іс-әрекеттерді орындау үшін" таңғы 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін үйден шығуға рұқсат берді. Елжан Біртанов үйқамақта болуына қарамастан жұмысқа орналасты.