Ал Түркия Республикасы елде өз оқу орындарын ашуды көздеп отыр. Түркияның Орталық Азиядағы рөлі туралы сарапшылар пікірін Sputnik шолуынан оқыңыз.
Орхан Инандының қызметіне байланысты дау Қырғызстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынаста бірнеше рет көрініс тапқан болатын. Фетхуллах Гюленді Түркияда қылмыскер деп жариялағаннан кейін Орталық Азия елдері оның "Хизмет" қозғалысының мектептерін жаба бастады. Алайда Қырғызстан Түркияның білім министрлігі жанындағы "Маариф" қорына гюлендік мектептерді тапсырудан бас тартты. Лицейлер желісін "Сапат" деген атаумен қайта тіркеді де, Қырғызстанның білім және ғылым министрлігі аталған желінің құрылтайшысы атанды.
Гюлен дәуірінде 2001 жылы желінің басшысы болып тағайындалған Орхан Инанды қызметін сақтап қалды. Алайда бұған түрік билігінің кейбір өкілдері наразылық білдірді.
Қырғызстанның түрік мектебін жаппауына не себеп
"Ол жақта шетелдік қатысу кең таралған және елде түрлі үкіметтік емес ұйымдар көп. Ал Түркияның ықпалы айтарлықтай төмен. Сондықтан билік Гюлен мектебін оппозиция құралы деп таныса ғана жабады. Алайда мұндай құбылыс "Сапат" лицейлерінен байқалған жоқ", - деп санайды шығыстанушы Алексей Малашенко.
Ал Қырғыз Республикасы премьер-министрінің бұрынғы кеңесшісі, "Еуразия" стратегиялық әзірлемелер орталығының жетекшісі Кубатбек Рахымов Қырғызстан гюлен мектептеріне қатысты бейтарап тактиканы ұстануды жөн көргенін айтады. Себебі Реджеп Эрдоғанның өзі бұған дейін Гюленмен тығыз қарым-қатынаста болды және мектепке қатысты жағдай Түркия ішіндегі мәселе. Оның пікірінше, бұл білім ордаларында қандай да бір теріс идеологиялық тақырыптар қозғалатын болса, Қырғызстан тәуелсіз мемлекет ретінде бақылау органдары, мемлекеттік стандарт арқылы мектептегі білім бағдарламасына ықпал ете алады.
Әйтсе де Қырғызстанның салалық ведомствосы осы жылдың қаңтарында "Маариф" қорымен Бішкекте жаңа түрік мектептерін ашу туралы келісімге қол қойды.
"Гюлен мектептерінің бағдарламасы ақылға қонымды болды және Түркия өз жақтастарын қару-жарақсыз-ақ, мәдениет пен тілді насихаттау арқылы өз ығына жығып алды. Бұл модель 1990-жылдары Орталық Азияда сәтті болды. Себебі КСРО тарағаннан кейін өңірде Түркияның ықпалы артты", - дейді түркітанушы Алексей Образцов.
Кубатбек Рахымовтың пікірінше, саналы ислам мен еуропалық жобаларға жұмылдыру жөніндегі Анкара ұсынған модель Орталық Азия елдері үшін тартымды болды.
"1989-2000 жылдар аралығында Түркияда жалпы ішкі өнім өсіп, Өзбекстан, кейіннен Қазақстан мен Қырғызстанда алғашқы түрік мектептері мен лицейлері ашыла бастады. Кейіннен Татарстан мен Башқұрстанда да білім мекемелері ашылды. Ататүріктің дәуірінде Еуропаның мұсылман бөлігіне айналуды қалаған мақсат әлі де орындалмай келеді", - деп еске алды сарапшы.
Алексей Образцов бұл бағыттағы шаралар біршама ескірген деп санайды.
"Түркия билігінің Орталық Азияға бағытталған шаралары қуатты болғанымен экономикалық тұрғыда ештеңемен бекітілмеген. Түркия студенттік мобильділік бағдарламасы "Мевлянаны" ұйымдастырды. Бірақ оны ауқымды деп атауға келмейді. Яғни мәлімдеме мен мүмкіндіктер сәйкеспей жатыр", - деп пайымдады Образцов.
Оқи отырыңыз: Түркия президенті WhatsApp-тан бас тартты - БАҚ
Түркия бағдарламалары көп жағдайда Ресей мәдениетінің баламасы ретінде ұсынылады деп санайды әлемдік экономика мен халықаралық қатынастар ғылыми-зерттеу институты посткеңестік зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Станислав Притчин. Ол мысал ретінде Қарабақ қақтығысынан кейін "Маариф" қоры Әзірбайжанға өткен аймақтарда түрік мектептерін ашуға дайын болғанын атады.
"Геосаяси мәселеде Түркия өз қатысуын күшейтуге тырысады. Ортаазиялық мемлекеттердің Түркиямен қарым-қатынасы жақында ғана басталса, Ресеймен оларды ұзаққа созылған тарих мен экономикалық өзара байланыс біріктіріп тұр", - дейді Притчин.
Кез келген бағдарлама секілді халықаралық ауқымдағы идеологиялық жұмыстар да қаражатты қажет етеді, деп санайды Алексей Образцов. CNBC аналитиктерінің бағалауы бойынша, Түркиядағы жұмыссыздық деңгейі пандемия салдарынан 25%-ке жетті, ал 2020 жылдың соңында бюджет тапшылығы 25 миллиард долларды құрады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 22 миллиард доллар болатын.
"Елде орнығу үшін экономикалық мүдделер болуы керек. Ал Түркия мен Қырғызстан арасындағы сауда тоқтап қалды. Екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 507 миллион долларды құрады", - дейді Кубатбек Рахымов.