НҰР-СҰЛТАН, 7 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі оқшаулаудың міндетті режимін бұзған адамдарға ірі көлемде айыппұл салынатынын ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті денсаулық сақтау министрлігінің КВИ-ға шалдыққан науқастар мен олармен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режимін көздейтін санитарлық ережелерді бекіткендігін хабарлайды. Осы талаптарды орындамағаны үшін азаматтарға әкімшілік жаза қолданылатын болады. Ережелер 2021 жылғы 10 маусымда күшіне енеді", – делінген ресми хабарламада.
Оқшаулау режимін бұзғандар "Ashyq" ақпараттық платформасы арқылы анықталады.
"Осылайша, карантиндегі науқас адамның санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 802-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға және оған әкімшілік жазаны қолдануға себеп болады. Егер азамат өзінің КВИ-ға шалдыққанын біле тұра, оқшаулану режимін бұзып, айналасындағы адамдарға қасақана қауіп төндірсе, оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады", – дейді комитет мамандары.
Оқи отырыңыз: Ashyq қосымшасында тағы да ақау шықты
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті барлық қазақстандықтарды карантиндік талаптарды сақтауға шақырды. Ал әкімшілік айыппұлдар КВИ сияқты қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын бақылауға мүмкіндік береді деген үміт бар.