НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Бұл туралы Петербург халықаралық экономикалық форумында (ПХЭФ) Ресейдің тікелей инвестициялар қорының (РТИҚ) басшысы Кирилл Дмитриев айтты, деп хабарлайды РИА Новости.
Ол мекемедегі техникалық мамандардың кәсіби жұмысын жоғары бағалады.
"Біз "Спутник V" вакцинасына қарсы жүріп жатқан және жаңылыстыруды көздейтін саяси мәлімдемелерге қарамастан, әзірше айтарлықтай сын-ескертпе анықтамаған ЕМА-ның техникалық бөлімінің жұмысын ерекше атап өткіміз келеді", – деді РТИҚ басшысы.
Оның айтуынша, ресейлік препаратты тіркеу уақыты агенттікке байланысты болып отыр. Дмитриев жұмыс процесі саясат ықпалынан аулақ болады деп үміттенетінін жеткізді.
Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың тамызында "Спутник V" – коронавирустың алдын алуға арналған әлемдегі алғашқы вакцинаны тіркеді. Ол препарат Гамалея атындағы ҰЭМЗО-да әзірленді. Әлемнің 66 елі аталған вакцинаны қолдануға рұқсат етті.
"Спутник V" адамның аденовирусты векторларының тексерілген және жақсы зерттелген платформасында дайындалды. Екпе салдырған 3,8 миллион ресейлік азаматтың мәліметтеріне жүргізілген талдау нәтижесі бойынша оның тиімділігі 97,6%-ті құрайды. Бұл The Lancet медициналық журналында жарияланған ақпараттан (91,6%) әлдеқайда жоғары, деп хабарлады РТИҚ мен Гамалея атындағы ҰЭМЗО өкілі.
Оқи отырыңыз: БҰҰ Бас хатшысы отандық QazVac вакцинасына қатысты ойын айтты
Препарат 4 наурыздан бері ЕМА-дағы кезеңді сараптама процесінен өтіп жатыр. Аталған ұйым еуропалық нарықта қолдануға болатын вакциналарды мақұлдаумен айналысады. ЕМА Ресейдегі инспекторлық тексерулер аяқталғаннан кейін "Спутник V" вакцинасын бағалау кестесін жариялау мүмкін болады деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Петербург халықаралық экономикалық форумы 2021 жылы 2-5 маусым аралығында өтіп жатыр.