Саясат

БҰҰ Бас хатшысы отандық QazVac вакцинасына қатысты ойын айтты

© Sputnik / Абзал КалиевБҰҰ мен Қазақстан туы
БҰҰ мен Қазақстан туы - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Жазылу
Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті

АЛМАТЫ, 4 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді. Видео конференция түрінде өткен кездесуде Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымымен арадағы ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды, деп хабарлады Ақорда.

Қос тарап пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға ерекше назар аударды.

Президент Антониу Гутерриштің БҰҰ басшысы лауазымына екінші мерзімге ұсынған кандидатурасын Қазақстанның қолдайтынын айтты.

Ауғанстандағы тұрақтылық

Қос тарап Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесін жан-жақты қарастырды. Мемлекет басшысы Ауғанстанға көрсетілетін көмекті жалғастыруға дайын екенін және сол елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған халықаралық іс-қимылдарға атсалысатынын айтты.

БҰҰ Бас хатшысы аталған үдерісті ілгерілетудегі Орталық Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның айрықша рөлін атап өтті.

QazVac өндірісі

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысына коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Оның ішінде QazVac отандық вакцинасының әзірлемесі, осы жылдың соңына дейін халықтың 55%-іне екпе салу жоспарын жеткізді.

Антониу Гутерриш коронавирус індетіне қарсы қазақстандық вакцинаның әзірлемесін және жаппай екпе салу науқанының табысты жүргізіліп жатқанын құптады.

БҰҰ Бас хатшысы теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына кіретін мемлекеттердің мүддесін қорғауға бағытталған Қазақстанның бастамасын құптады. Бұл әсіресе пандемия салдарынан туындаған дағдарыс кезінде өзекті болып отыр.

Дүниежүзілік климат және Семей полигонына қатысты конференция

Қазақстан президенті биыл қарашада Глазгода өтетін СОР26 дүниежүзілік климат конференциясына қатысуға ниетті екенін жеткізді. Аталған жиын барысында 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегінен ада ел болуға қол жеткізу жөніндегі жаңартылған ұлттық шаралары жарияланады.

Ал Антониу Гутерриш Қазақстанның ядролық қаруға қарсы жаһандық мәселені ілгерілетудегі көшбасшылығын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысын Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай тамызда елімізде өткізілетін халықаралық конференцияға шақырды.

Оқи отырыңыз: Қазақстан AstraZenecа бойынша келіссөздерді тоқтатты

Әңгімелесу соңында тараптар ортақ мүддені көздейтін ауқымды мәселелер бойынша жасалатын тығыз байланыстарды жалғастыру жөнінде уағдаласты.

Жаңалықтар
0