Қоғам

Қазақстан AstraZenecа бойынша келіссөздерді тоқтатты

© AP Photo / Bruna PradoВакцина құтысы
Вакцина құтысы - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Жазылу
Еуропалық сарапшылар коронавирусты инфекцияға қарсы AstraZeneca вакцинасы мен қан ұю жағдайларының арасында байланыс бар екенін мойындады

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. "СК-Фармация" басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев Қазақстан коронавирусқа қарсы AstraZenecа вакцинасы төңірегіндегі келіссөздерді тоқтатқанын мәлімдеді.

Жұма күнгі баспасөз конференциясы кезінде журналистер Есқалиевтен Pfizer, AstraZenecа, Пфайзер, Moderna, Johnson & Johnson өндірушілерімен келіссөздер қалай жүріп жатқанын сұрады.

"Барлығымен келіссөздер жүріп жатыр. AstraZenecа бойынша келіссөздер тоқтатылды. Себебі бұл вакцинаға қатысты жағымсыз пікір көп. Ал Pfizer бойынша тұрақты келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ жеткізу кестесі әзірше жоқ және белгілі бір талаптар бар", – деді Есқалиев.

Оның айтуынша, AstraZenecа вакцинасына қатысты оқиғалар Pfizer вакцинасына деген сұраныстың артуына алып келді.

"Бұл зауыттардың өндірістік бағдарламалары тиянақталған. Сондықтан өндіріс көлемі тоқтаусыз өсе беруі мүмкін емес. AstraZenecа бойынша белгілі бір мәселелер болғандықтан, барлығы Pfizer вакцинасына қатысты. Бұл нарықта айқын көрініп тұр. Сондықтан Pfizer бойынша жеткізу көлемі расталған жоқ. Сәйкесінше біз келісімшартты нақты белгілеген жоқпыз", – деді Есқалиев.

Еске салсақ, 2021 жылдың көктемінде Еуропаның бірнеше елі AstraZeneca вакцинасын импорттаудан бас тартты. Ал дәл осы препарат шығарылатын Ұлыбританияда жасы 30-ға толмаған азаматтарға AstraZeneca вакцинасын салғызбау ұсынылды.

Вакцина салдырған адамдардағы жағымсыз әсерлердің ішінде қан ұю фактісі тіркелді. Кейінірек Еуропаның дәрілік заттар жөніндегі агенттігі (ЕМА) осы бойынша талдау жүргізіп, коронавирусты инфекцияға қарсы AstraZeneca вакцинасы мен қан ұю жағдайларының арасында байланыс бар екенін мойындады.

Оқи отырыңыз: Вакцина салдырған қазақстандықтар қандай артықшылықтарға ие

Гете университетіндегі неміс мамандарының пікірінше, AstraZeneca мен J&J вакциналары 100 000 жағдайдың біреуінде қан ұюды түзетін мутация тудырады.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі біраз бұрын жағымсыз әсеріне байланысты AstraZeneca вакцинасына қызығушылық танытып отырмағанын мәлімдеді.

Жаңалықтар
0