НҰР-СҰЛТАН, 3 маусым – Sputnik. Қазақстанда жаңа салынған пәтерлер 25-30%-ке қымбаттауы мүмкін. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің алаңында өткен шұғыл жиналыста бағаның не себепті өсуі мүмкін екені айтылды.
"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева құрылыс материалдарының бағасы күрт өскенін мәлімдеді.
Құрылысшылардың ақпаратынша, наурыз-сәуірде арматура тоннасына 198 мыңнан 430-480 мың теңгеге, цемент 16,5 мыңнан 32 мың теңгеге дейін, кірпіш, газоблок, қадалар 30-60%-ке, битум 45-60%-ке қымбаттады.
Осыған байланысты үйлердің бағасы 25-30%-ке өсуі мүмкін, деді Якупбаева құрылыс ұйымдарының есептеулеріне сілтеме жасап.
Енді нысандардың құрылысын қалай аяқтау мәселесі туындап отыр, деп жазды ол Facebook-те.
"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында шаршы метр бағасы шектеулі, мемлекеттік сатып алу нысандары бойынша жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтті, деп түсіндірді Якупбаева.
Тағы оқыңыз: "Баспана хит" және "7-20-25" жабылады – тұрғын үй нарығында қандай өзгеріс болуы мүмкін
Оның айтуынша, елде бағаның күрт өсуін дер кезінде бақылауға алуға мүмкіндік беретін құрылыс материалдары бағасының цифрлық реестрі жоқ.
Бұрынғы бағамен көрсетілген ескі жобалық-сметалық құжаттама, кадрлық дисбаланс та өзекті проблемалардың бірі, деп жазды Якупбаева.
"Жылдар бойы шешілмей келе жатқан проблемалармен салыстырғанда, "құрылысты арзандатудағы жеңіс – теңізге тамған тамшыдай. Бұған тұрғын үй құрылысын қолдау бағдарламаларын қысқарту жоспары да қосылады. Бұған қоса, кредит мөлшерлемесі де нарықтағы деңгейге дейін өседі", - деді ол.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тиісті есептеулер мен ұсыныстарды әзірлеп, үкіметке жолдайды.