Қоғам

"Баспана хит" және "7-20-25" жабылады – тұрғын үй нарығында қандай өзгеріс болуы мүмкін

Новоселье, архивное фото
Новоселье, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.05.2021
Жазылу
Sputnik Қазақстан тілшісі "Баспана Хит" пен "7-20-25" бағдарламаларын қаржыландыруды тоқтату жылжымайтын мүлік нарығына қалай әсер ететіні туралы сарапшылардан сұрап білді

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр — Sputnik. Қазақстанның Ұлттық банкі 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруды кезең-кезеңімен тоқтатуды жоспарлап отыр. Ал "Баспана хит" ипотекалық бағдарламасы 2021 жылы жабылуы мүмкін. Себебі, 600 миллиард теңге (шамамен 1,4 миллиард доллар – Sputnik) көлеміндегі бекітілген лимит игерілді. Ал "7-20-25" бағдарламасы мерзімді шектеусіз 1 триллион теңге (шамамен 2,3 миллиард доллар – Sputnik) шегіндегі лимитке жеткенге дейін жүзеге асырылады. Сарапшылардың айтуынша, аталған бағдарлама әлі 2-2,5 жыл жұмыс істейді.

"7-20-25" бағдарламасының шарттары: мөлшерлеме – жылына 7%, бастапқы жарна - 20%-тен жоғары, қарыз уақыты – 25 жылға дейін.

"Баспана хит" бағдарламасы бойынша бірінші және екінші нарықтағы, сондай-ақ үлескерлік құрылыс тетігі арқылы салынып жатқан үйді сатып алуға арналған. Баспана құны – 35 миллион теңгеге дейін. Қарыз уақыты – 180 айға дейін (15 жыл). Сыйақы мөлшерлемесі – 10,75%. Бастапқы жарна – 20%-тен жоғары.

Ипотекалық бағдарламаларды қаржыландыруды тоқтату еліміздегі баспана нарығына қалай әсер ететіні туралы Sputnik Қазақстан материалында.

Қазақстанда тұрғын үй бағасы өзгере ме

Қазақстанның құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары ұсынған мәліметке сәйкес, 2021 жылдың қаңтарында жаңа баспаналар нарығында пәтердің бір шаршы метрі 319 мың теңгеге, екінші нарықтағы баспана үшін бір шаршы метрі 245 мың теңгеге бағаланды.

Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов бірінші нарықтағы жылжымайтын мүлік құны 10%-ке дейін, екінші нарықта 15%-ке дейін төмендеуі мүмкін екенін айтты. Алайда бағаның арзандауына ипотекалық бағдарламалардың жабылуы емес, зейнетақы жинағының бір бөлігін шешіп алуға қатысты дүрбелеңнің басылу себеп болады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев 2021 жылдың маусымына қарай зейнетақы қаражатына қатысты дүрбелеңнің басылуына байланысты жылжымайтын мүлік нарығындағы баға да тұрақтанатынын мәлімдеді.

Мүсіреповтың айтуынша, "7-20-25" және "Баспана хит" бағдарламаларының жабылуы "Отбасы банкте" ипотекалық өтінімдерді субсидиялау бағдарламасы бойынша бір ғана институтты белгілеуге бағытталып отырған болар. Ол қаржыландыруды тоқтатудың нарықтағы бағаға айтарлықтай әсер етуін күтпеген абзал деп санайды.

"Ипотека көзін мемлекетпен субсидияланған жалғыз операторы түрінде орталықтандыру жүреді деп күтеміз. Бұл – "Отбасы банк". Жылжымайтын мүлікті бөліп төлеу арқылы сатып алу, сатып алу құқығымен жалға алу үшін жеңілдігі бар кредиттеудің барлық бағдарламасы осы банк арқылы өтеді", - деді Мүсірепов.

Оның пікірінше, жоғарыда аталған бағдарламалар өзін-өзі ақтады. Қазір қазақстандықтар үшін "Отбасы банк" арқылы тиімді талаптармен баспана сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Оның қатарында қарыз мөлшерлемесі 2%-ті құрайтын тетік те бар ("Бақытты отбасы" атты табысы төмен отбасыларға кредит беру бағдарламасы).

"Ипотекалық кредиттеу механизмі арқылы жылжымайтын мүлік нарығын қолдау бес жыл бұрын тоқырау алдында тұрған құрылыс индустриясы үшін үлкен серпін болды. "7-20-25" бағдарламасы күні бүгінге дейін сұранысқа ие. Оны іске қосқан кезде бір триллион теңге көлемінде лимит жайы айтылған болатын. Яғни ол жоспарға сай аяқталып жатыр. Бағдарламаларды жабу мемлекет қаражатының шығындарын оңтайландыру болуы мүмкін", - деді Мүсірепов.

Бағдарламаларды қаржыландыруды тоқтату тұтынушылар үшін соққы болуы мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді келешекте нарықта сұраныс пен ұсыныс теңеседі деген болжам бар. TETIN консалтинг компаниясының бас директоры Лев Тетин осылай деп санайды.

"2021 жылдың мамырында "7-20-25" бағдарламасы бойынша 325 миллиард теңге шамасында (755 миллион доллардан астам – Sputnik) кредит берілді. Яғни бұл бағдарлама әлі 2-2,5 жыл жұмыс істейді. Ал "Баспана хит" бағдарламасы бойынша лимит 600 миллиард теңгені (1,4 миллиард доллар) құрайды және қазірдің өзінде 493 миллиард теңге (1,1 миллиард доллар) берілді. Сондықтан бұл бағдарлама осы жылдың аяғына дейін жабылуы мүмкін. Ипотекалық кредиттеуге бағытталған бұл бағдарламалар өз тиімділігін көрсетті. Себебі олар кредиттеу нарығын 1,6 триллион теңгеге арттырады. Ал бұл құрылыс саласына үлкен үлес", - деді Тетин.

Бұдан кейінгі ынталандыру нарық дамуының қарқынын арттыратыны анық. Алайда, оның айтуыша, мұндай салымдар нарық механизмдерін дамытпайды.

"Нарық барлық кезде өзін-өзі теңгерімге келтіре алады. Сондықтан мемлекеттің кез келген араласуы уақытша өзгерістерге алып келеді. Ипотекалық бағдарламаларды қаржыландыруды тоқтату тұтынушылар үшін ауыр тиюі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімді келешекте нарықта сұраныс пен ұсыныс теңеседі деген болжам бар", - деп қорытты ол.

Қазақстан тұрақтылық қоры ("7-20-25" және "Баспана хит" бағдарламаларының операторы, Ұлттық банктің еншілес ұйымы) атап өткендей, екінші деңгейдегі банктер "Баспана хитке" ұқсас кредиттеу шарттарын әзірледі және ұсынып отыр.

"Бұл  ипотека нарығының осы сегментін мемлекет тарапынан ынталандыруды қажет етпейді. "Баспана хит" бағдарламасын іске асыру жылжымайтын мүліктің екінші нарығында халық үшін ипотеканың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша өз міндетін толық атқарды", - деді Қазақстан тұрақтылық қорында.

Қазақстандағы баспана сапасы

Жылжымайтын мүлік саласындағы маман, елордалық риелтор Нұржан Бектасов кредиттеу бағдарламасынан мемлекеттің толықтай шығып кетуі сапасыз үйлердің бой көтеруіне алып келеді деп санайды.

"90-жылдардан бері арзандаған теңге әлі де арзандап жатыр. Құрылыс материалдары арзандамайды. Кредиттеу болмаса, адамдардың сатып алу мүмкіндігі төмендейді. Мұның барлығы баспана сапасына әсер етеді. Себебі адамдар қалталарына қарай баспана сатып алады. Бұл көбіне эконом және комфорт типіндегі баспаналар. Бизнес немесе элиталы баспана құрылысы тұралап қалады немесе кейінге қалдырылады. "Хрущев" кезеңіндегі үйлер сияқты тұрғын үй көптеп бой көтереді. Сондықтан адамдарда бағдарлама таңдау мүмкіндігі боулы керек", - деді Бектасов. 

Ермек Мүсірепов ұзақ мерзімді уақытта мемлекеттің барлық кредиттеу бағдарламасынан кетуі нарықтың тоқырауына алып келеді деп санайды.

Макет дома на калькуляторе - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2021
Қоғам
Елімізде "7-20-25" және "Баспана хит" бағдарламаларын қаржыландыру тоқтатылады

"Бүгінгі күні екінші деңгейлі банктердің проценттік мөлшерлемесі тым үлкен. Егер оны төмендетпесе немесе субсидияламаса, онда нарық тоқырып қалуы әбден мүмкін. Себебі екінші деңгейлі банктер мұндай үлкен көлемді игере алмайды және ұзақмерзімді келешекте 7-10%-пен кредит бере алмайды. Мүмкін алдағы уақытта екінші деңгейлі банктер үшін жаңа ережелер енгізіліп, проценттік мөлшерлеме халық үшін қолжетімді болуы қарастырылатын шығар", - деп болжамымен бөлісті Ермек Мүсірепов.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, пандемия кезіндегі дағдарыс салдары қаржы нарығына кері ықпал еткен жоқ. 2020 жылы экономикадағы кредит 5,5%-ке, 14,6 триллион теңгеге дейін өсті.

Дағдарыстың экономикаға әсерінің төмендеуін есепке ала отырып, мемлекеттің кредиттеу бағдарламаларынан біртіндеп шығуын қамтамасыз ету маңызды. Осылайша нарықтық принциптерге жол ашу керек деп санайды қаржы реттеу ведомствосының басшысы Мадина Әбілқасымова.

2021 жылдың басында үкімет, Ұлттық банк және макроэкономикалық саясат жөніндегі шараларды үйлестіру агенттігі арасында 2021-2023 жылдарға арналған келісімге қол қойылды.

Осы құжат бойынша Ұлттық банк 2023 жылдан бастап "қаржы жүйесі мен экономика қызметінің нарықтық принциптерін қамтамасыз ету үшін" мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан шығуды жоспарлап отыр.

Жаңалықтар
0