НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым – Sputnik. Екі жас жігіт кептеліс жиі болатын көшенің қақ ортасында төбелесіп қалды. Полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оқиға 31 мамырда сағат 10:30-да Шоқан Уәлиханов көшесінде болған. Ресми мәліметке сәйкес, "Chevrolet" пен "Daewoo Nexia" жүргізушісі бір-біріне жол бермей, сөзге келіп қалған. Жанжалдың арты төбелеске ұласты.
"Екеуі де ұсталып, полицияға жеткізілді. "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", – дейді полицейлер.
Айта кетейік, бұзақылық үшін 2 000 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жүмыстары, я болмаса, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында ауруханаға барған адам полицеймен төбелесті – оқиғаның видеосы
Осы орайда Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережесін бұзбай, басқа көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасамау қажеттігін ескертеді.