НҰР-СҰЛТАН, 1 маусым — Sputnik. Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданында болған төбелестің видеосы желіде тарап кетті. Ауруханаға барған ер адам жанжал шығарып, артынан оқиға орнына келген учаскелік инспекторды ұрып тастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оқи отырыңыз: Өскеменде ер адам полицейдің мойнына пышақ сұғып алды
Алматы облыстық полиция депаратменті оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
Ресми мәліметке сәйкес, Еңбекші қазақ аудандық аурухананың қабылдау бөлімінен арыз түскен. Дәрігерлер Тургень ауылының 45 жастағы тұрғыны балағат сөз айтып, терезені сындырғанын жеткізген. Учаскелік инспектор бірден сол жерге барған.
"Полиция қызметкері ер адамды сабырға шақырды. Бірақ ол тыңдаған жоқ, полицейді еш себепсіз беттен ұрған. Ал аулаға шыққаннан кейін тағы бірнеше рет соққы жасаған. Сосын оқиға орнынан қашып кеткен", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде төбелес шығарған ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы, 2-бөлігі (Бұзақылық, билік өкiлiне не қоғамдық тәртiптi күзету мiндетін атқаратын немесе қоғамдық тәртiптi бұзудың жолын кесетін өзге де адамға қарсылық көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұдан бөлек, 380-баптың 1-тармағы (Билік өкiлiне қолдану) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіні іздестіру шаралары басталды.