Қоғам

Желіде жанжал видеосы тарады: Алматыда ұшақ рейсі екі сағат кешігіп ұшты

© Photo : РСК АлматыFlyArystan компаниясының ұшағы
FlyArystan компаниясының ұшағы - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.05.2021
Жазылу
Оқиға салдарынан ұшақ рейсі уақытында ұшпай, жолаушылардың барлығы қайта тексерістен өтуге мәжбүр болды

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Fly Arystan компаниясының "Алматы–Нұр-Сұлтан" рейсі уақытынан екі сағатқа кешігіп ұшты. Оған салонда болған ер адамның жүк тасымалдау тәртібіне бағынбай, жанжал шығаруы себеп болды. 

Fly Arystan компаниясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, КС 7055 рейсінің жолаушысы салонға екі сөмке алып кірген. Ал ереже бойынша жолаушылар ұшаққа өзімен бір ғана қол жүгін алып кіруге рұқсат.

"Жолаушыға екі рет ескерту жасаған. Компания қызметкерлері алдымен тіркеуде, содан кейін бортқа кіргізу кезінде екі қол жүгін біріктіру керектігін айтқан. Олай істемесе, рейске кіргізбейіз деп те ескерту жасады", – дейді компания мамандары.

Алайда ер адам ережені де, ескертуді де елемеген. Сондықтан да, оған бортқа кіруге рұқсат берілген жоқ. Дегенмен, ол компания қызметкерін итеріп, салонға өтіп кеткен. Осыған байланысты тәртіп сақшыларын шақыруға тура келді. Сөйтіп, жолаушыны борттан түсірілген. Ал авиациялық қауіпсіздік қағидаларына сәйкес, ондайда қайта тексеріс өткізіледі.

Әлеуметтік желіде осы оқиғаның видеосы тарап кетті. Полицейлер жанжал шығарған жолаушыны ұшақтан шығарғысы келіп отыр. Ал жолаушылар бәрін видеоға түсіріп тұр. Ер адамды жақтаған адамдар да болды. 

Блогер Денис Кривошеев осы оқиғаның куәгері болғанын жазды. Оның сөзіне қарағанда, жолаушы әйелімен бірге ұшқан. Сол себепті қолында екі қол жүгін алып кірген.

"Шамасы, супервайзер екі сөмке де ер адамға тиесілі деп ойласа керек. Содан жанжал басталды. Ұшақ екі сағат жай тұрды, екі рет тексеріс болды. Бұның бәрі компания үшін төленбеген жүкпен салыстырғанда әлдеқайда қымбатқа шығады", – деп жазды Кривошеев Facebook-тегі парақшасында.

Оқи отырыңыз: Бортта 115 жолаушы болған: Атырауда бір топ құс ұшаққа соғылды – видео

Fly Arystan компаниясының қол жүгін тасымалдау ережелеріне сәйкес, әрбір жолаушы стандартты тарифпен бір ғана қол жүгімен кіре алады. Ол кәдімгідей сөмке, фотоаппарат, қолшатыр, ноутбук және тағы басқа зат болуы мүмкін. Бірнеше затты бір сөмкеге салуға болады. Бірақ оның салмағы 5 келіден аспауы шарт. Артық болса, қосымша ақша төленеді. Ал қол жүгінің көлемі – 56/23/36 сантиметрден артық болмауы керек.

Жаңалықтар
0