АЛМАТЫ, 25 мамыр – Sputnik. Павлодар облысы Железинка ауылының прокуратура ғимаратында полиция қызметкері табельдік қаруды пайдаланып, өзіне оқ атты.
Полиция қызметкерінің өзін өлтіруге ұмтылғаны туралы ақпарат 24 мамырда әлеуметтік желі мен мессенджерлерде тарай бастады, деп хабарлады жергілікті Pavlodarnews.kz порталы.
Ол жерде Железин ауданының аға тергеушісі өзінің табельдік қаруынан өз-өзіне қол жұмсауға тырысқаны туралы хабарланған.
Жергілікті полиция ақпаратты растады.
"23 мамырда сағат 18:10-да Железинка ауылында прокуратура ғимаратында аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі оң иығына оқ атқан. Қызметкер ауруханаға жатқызылды, оған ота жасалды", – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.
Қазір полиция қызметкерінің жағдайы тұрақты. Дәрігерлер оқ сүйегі мен өмірлік маңызы бар мүшесіне зиян келтірмегенін хабарлады. Полицейдің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Аталған дерек бойынша облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушілері жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық кодекстің 105-бабы "өзіне қол салуға жеткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оқи отырыңыз: Бетін тұмшалап, тапанша кезенген: жанармай бекетін тонаған Астана тұрғыны ұсталды
Полицейдің өзіне оқ атуға не себеп болғаны анықталу үстінде.