АСТАНА, 26 қаң — Sputnik. Бетін тұмшалап, тапанша кезеніп жанармай бекеттеріне бірнеше мәрте шабуыл жасаған Астана тұрғыны ұсталды деп хабарлады қаланың ІІД баспасөз қызметі бейсенбі күні.
Полиция мәліметінше, 21 қаңтарда түн ортасында қара маска киген белгісіз бір адам тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, жанармай бекеттерінің бірінен ақша тонайды. 24 қаңтар күні тура сондай жайт екінші бір бекетте орын алған.
26 қаңтар күні жедел шаралар жүргізу барысында жанармай бекетіне тағы да шабуыл жасамақ болған 26 жасар ер адам ұсталды. Ол бұдан бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотталған екен. Тергеу барысында күдікті қылмысын мойындады.
Ұсталған азамат Астана ІІД уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың қала аумағындағы осындай сипаттағы басқа да қылмыстарға қатысы барын тексеруде.