НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр — Sputnik. Алматыда вакцинаның бірінші компонентін алғандарға лотереядан бағалы сыйлық ұтуға мүмкіндік берілді. Мұндай шара қаладағы бірнеше базар мен сауда орталығындағы вакциналау пунктерінде өткізіліп жатыр, деп хабарлады Almaty.tv.
"Шараның мақсаты – көпшілік арасында екпе алудың денсаулық үшін маңызды екенін насихаттау. Елдегі пандемия мен шектеу шаралары біраз істі тоқтатқаны жасырын емес. Екпе алу арқылы қаладағы эпидахуал жақсарады деген сеніммен осындай идея келді. Біз әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қараса екен дейміз", – деді ұтыс ұйымдастырушысы Хадижа Тен.
Қалада демалыс күндеріне қарамастан, сауда орындары мен емханаларда вакциналау пункттері үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Қала тұрғындары ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызды екенін айтады.
"Вакцина алдым, бәрі жақсы, ешқандай симптом болған жоқ. Сыйлық үшін емес, денсаулығымыз үшін алып жатырмыз. Қасымызда жүрген туған-туысқандардың бәрін шақырдым", – деді қала тұрғыны Әшірбек Жұмаділдаев.
Ал Қуанышбек Қуатбекұлы маска тағып жүруден шаршағанын айтады. Сондықтан өзінің денсаулығы үшін, болашағы үшін вакцина салдыруға келген. Жұмыс істеу керек, дейді ол.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында вакцина салдыруға келген адам істі болды
Тағы бір қала тұрғыны Асыл Наурызов вакцина алуға келгенде ұтыс туралы білмеген.
"Ол да бір жағынан дұрыс деп ойлаймын. Жұрт iPhone және басқа да бағалы заттар ұтып жатса, қуанар едім", – деп атап өтті Асыл Наурызов.
Еске салайық, бүгінге дейін вакцина салдырған қазақстандықтардың саны 2 миллионға жуықтады. Республика бойынша Алматы көш бастап тұр. 1 ақпаннан бастап мұнда коронавирусқа қарсы егілгендер саны 285 559 адамға жетті. Оның ішінде 30 553-і 60 жастан асқан егде адамдар.