НҰР-СҰЛТАН, 20 мамыр — Sputnik. Алматы облыстық полиция департаменті Талғар ауданында екі көліктің бетпе-бет соқтығысуына байланысты тергеу шараларын бастады.
Жол апатынан бір әйел қаза тапты. Ал оның қызы – төрт жасар бала және тағы екі адам ауруханаға жатқызылды.
Ресми мәліметке сәйкес, екі көлік кешкі сағат 22:00-дің шамасында "Жалғамыс-Төңкеріс" тасжолында бетпе-бет соқтығысқан.
"Алдын ала мәліметке сәйкес, Daewoo Espero-ның 36 жастағы жүргізушісі оңтүстікке қарай жүріп келе жатқан. Ол Төңкеріс ауылына бір шақырымдай қалғанда жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mitsubishi Galant-ты соққан", - дейді полицейлер.
Қайтыс болған 30 жастағы әйел Daewoo-да отырған. Оның қызы сан алуан жарақат алды. Төрт жасар бала Алматы өңірлік клиникалық ауруханасына жатқызылды.
Daewoo мен Mitsubishi-де болған тағы екі жолаушы Өтеген батыр кентінің ауруханасына жеткізілді.
Алматы облысында кептелісте тұрған Mazda-ны екі жүк көлігі мыжып тастады – видео
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-тармағы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Daewoo жүргізушісінің кінәсі дәлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.