НҰР-СҰЛТАН, 19 мамыр — Sputnik. Денсаулық сақтау министрі жүргізуші куәлігін беруге арналған медициналық тексеріске өзгеріс енгізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің бұйрығына сәйкес, енді медициналық тексеріс кезінде флюорографияны тапсырудың қажеті жоқ. Ал жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзарту үшін терапевт, окулист, лор, психиатр мен наркологтың тексерісінен өтсе де жеткілікті.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыда құжатты үйге жеткізу қызметі іске қосылды
Бұдан бөлек, көлік құралын жүргізуге рұқсат беру туралы анықтаманы e-Gov порталы арқылы алуға болады. Анықтаманың электронды нұсқасын алу үшін цифрлық қолтаңбамен өтінім жіберу керек. Жауабы жеке кабинетке келеді. Барлық құжат жіберілмесе, я болмаса, мерзімі өтіп кеткен немесе медициналық тексерістің теріс нәтижесі болған жағдайда анықтама берілмейді. Ал жүргізуші куәлігін алу үшін құжаттардың нақты тізімі бар. Олар:
- жеке куәлік;
- медициналық тексерістен өткені туралы анықтама;
- мемлекеттік баж салығының түбіртегі.
Айта кетейік, өткен жылы мамыр айында электронды портал арқылы жүргізуші куәлігін рәсімдеу қызметі енгізілген болатын. Ал биыл ақпан айынан бастап көлік жүргізушілері жеке куәлікпен жүре алады. Басқа құжаттарды ұстаудың қажеті жоқ.