НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik. Ағзасында ерекше өзгеріс бар Аглес есімді төрт жасар қыз Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында тұрады, деп хабарлайды жергілікті "Лада" басылымы.
Оның жүрегі кеудесінің оң жағында, ал бауыры сол жағында орналасқан. Дәрігерлер бұл ерекшелікті декстропозия немесе декстрокардия деп атайды.
Анасы мен дәрігерлердің айтуынша, Аглес ағзасындағы ерекшеліктерге қарамастан, белсенді әрі өте ақылды қыз. Жүрек пен бауыр айрықша жағдайда орналасқандықтан ол бір жасқа дейін жиі ауырған. Сондықтан да ата-анасы төрт жасар қыздың денсаулығына қатысты кеңес алу үшін оны астанаға алып келген.
Ал дәрігерлер алаңдауға негіз жоқ екендігін айтқан. Өйткені, мұндай диагноз қойылған балалар өзге құрдастарына қарағанда ешқандай да ерекшеленбейді.
"Декстрокардия – бұл жатырішілік даму аномалиясы, онда жүректің көп бөлігі кеуде қуысының оң жағында орналасады. Патологияның бұл түрі асимптоматикалық болып табылады және көбінесе кәсіби тексерулер кезінде ғана анықталады", – дейді кардиохирург Нұрлан Тілепов.
Ол өзінің 20 жылдық тәжірибесінде осындай бес жағдай болғанын атап өтті.
Статистикаға сәйкес, бұл патология әлемдегі 12 мың адамның біреуінде ғана болуы мүмкін. Ал мұндай адамдар Қазақстанда мыңнан аспайды.