Қоғам

Жасырын тойларды анықтайды: Цой айтып жүрген пилоттық жоба неге әлі басталған жоқ

© Photo : Dean MoriartyТелефон ұстап тұрған адамдар
Телефон ұстап тұрған адамдар - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.05.2021
Жазылу
"Жылу картасы" пилоттық жобасының шикі тұстары көп, оңтүстік мегаполисте қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз болып тұр

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде COVID-19 індетінің қаупі сейілмей тұр. Күн сайын мыңдаған адам қауіпті вирус жұқтырады. Аурухана төсегіне таңылып жатқандар қаншама. Десе де "денсаулық – басты байлық" екенін ұмытып, карантиндік шектеулерді қаперге ілмейтін азаматтар бар. Олар үшін мейрамхана есігін құлыптап, жүздеген адамға той өткізу түк емес. Міне, осыны ескеріп, ел билігі жауапсыздарға тосқауыл қою үшін "жылу картасын" енгізуді ұйғарды.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жылу картасы енгізілетіні жайлы өткен айдың соңында хабарлады. Шенеунік пилоттық жоба Алматыда басталып кеткенін мәлімдеген еді. Алайда оңтүстік мегаполистің мониторингтік топтары "жылу картасының" көмегін әлі көрмеген. Жасырын той-томалақтарды сол баяғы ескі әдіс – телефонға түсетін хабарламалар бойынша анықтап жүр. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов айтты.

Жылу картасы деген не

Жылу картасы бір орынға топтасқан адамдар шоғырын көрсетеді. Адамдар қай жерге көп жиналғанын анықтауға олардың қолындағы ұялы телефон көмектеседі.

"Негізі жылу картасы деп қатты айтылған. Бұл смартфонға бекітілген кәдімгі қолданыстағы SIM-карталар. Ұялы байланыс операторлары "симкалардың" бір жерге шоғырланғанын байқаған бойда, мониторингтік топтарға хабар береді. Алайда әзірге мобильді топтар жаңа технологияның игілігін көріп жатқан жоқ. Мониторингтік топтар еріктілерден, тұрғындардан түсетін ақпарат бойынша рейдке шығады", - деді Байғабылов.

Жоба әлі "піспеген"

Айтуынша, жылу картасының пилоттық режимде енгізілмеу себебі – жетілмеген тұстары көп. Мәселен, қала ішінде күн сайын қатынайтын қоғамдық көлік адамға үнемі лық толы. Бірақ ол мониторингтік топтар барып айыппұл салатын орын емес. Бұл пойыздар мен ұшақтарға да қатысты. Ал жылу картасында осындай дүниелер әлі реттелмеген.

"2ГИС картасынан Алматының қоғамдық тамақтану орындарынан бастап әр аудан бойынша бүкіл мекенжайды көруге болады. Бізге осы жылу картасын қала картасымен үйлестіру қажет. Сонда бізге нақты жабық ғимараттағы адамдар шоғыры көрінеді. Әйтпесе жылу картасына вокзал, әуежай, ауруханалар кіріп кетуі мүмкін. Жабық базарлар мен сауда орталықтарында да халық көп жүреді, ол жерде де ұялы телефондардың белсенділігі байқалуы мүмкін. Міне, қазір осы мәселелер жан-жақты пысықталып жатыр", -деді ол.

Айтуынша, қазір ұялы байланыс операторларынан "жылу картасының" мәліметтері бір күнге кешігіп түсіп жатыр. Ал мониторингтік топтар әкімшілік құқықбұзушылықты тіркеу үшін "дәл қазір және дәл осы жерде" қағидатымен жұмыс істейді. Яғни пысықталмаған тұстар жетіп артылады.

"Мәселен Ashyq қаңтар айында енгізілгенде, техникалық алгоритмі болды. Жалпы мобильді қосымша пайдалануға дайын еді. Ал жылу картасы бойынша жұмыс, қателеспесем, ақпан, наурыз айында ма аздап басталды. Бірақ пилоттық жоба ретінде емес. Міне, содан кейін осындай сұрақтар туындап отыр. Кімге, қандай ұялы байланыс операторы деректерді береді? Әлі осы мәселе де шешілген жоқ. Техникалық қолдау, өзара іс-қимыл алгоритмі, бәрі пысықталып, дайын болған кезде ғана жобаны енгізу мәселесі қарастырылады", -деді Байғабылов.

Тағы оқыңыз: "Ashyq" мобильді қосымшасында вакциналау паспорты қашан пайда болады

Ол жылу картасы бойынша қазақстандықтардың қозғалысын бақылау үшін азаматтардың жеке деректері пайдаланылмайтынын қадап айтты. Мұнда тек ұялы телефондардың белсенділігі ғана қадағаланады.

Карантинді жиі бұзатын өңірлер

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ақпаратынша, 1 қаңтар мен 10 мамыр аралығында мониторингтік топтар республика бойынша 80 352 рейд жүргізген. Олар барлығы 500 646 нысанды тексеріп үлгерді. Оның ішінде 14 475 мекеме санитар дәрігерлердің ұйғарымдарын елемей, жұмыс істеген.

Құқықбұзушылық жағынан антирейтингті Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан облысы, Алматы мен Шымкент қалалары бастап тұр.

Көп жағдайда бақылаушылар отбасылық шаралардың, той-томалақ пен басқосулардың үстінен түседі.

Жыл басынан бері сотқа 268 материал тапсырылған. Сот шешімімен 70 ШОБ субъектісі қызметін уақытша тоқтатты.

8 271 мекеме мен 6 425 адамға жалпы сомасы 1,155 миллиард теңге айыппұл салынды.

Жаңалықтар
0