НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр — Sputnik. "Солтүстік ағын – 2" төңірегіндегі шу басылар емес. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Еуропаны санкциямен қорқытуын жалғастырып жатыр.
Әлем ресейлік көгілдір отынның қажеттілігін түсінсе де, Германияда алдағы уақытта өтетін сайлау жобаның келешегіне едәуір әсер етуі ықтимал. Сондықтан Ресей газ құбырының құрылысын мейлінше жылдам аяқтауға асығып отыр, деп жазды РИА Новости.
Ресейдің Германиядағы елшісі Сергей Нечаев газ құбырының құрылысы 26 қыркүйекке дейін аяқталатынын мәлімдеді. "Егер ауа райы қолайлы болса, жұмыс жылдам жүреді", - деді ол. Қазір жүз километр құбырды төсеу қажет.
Сонымен қатар ресейлік құбырды жақтаушы Ангела Меркель канцлер қызметінен кетеді. Билікке кім келетіні әзірше белгісіз. Жобаға үлкен қаржы салынған.
"Қазір он миллиард еуроны теңіз түбінде қалдыруға дайынбыз ба, мәселе осыда. Шешімді Еуропа қабылдауы керек", - дейді Сергей Нечаев.
Еуроодақта жобаға қатысты пікір қақ жарылды. Құбыр Германия, Финляндия, Швеция және Данияның аймақтық сулары арқылы өтеді. Алғашқы үш мемлекет құрылысқа жылдам келісім берді. Копенгаген ғана қарсылық білдіргенімен, ақырында ол да келісті. Есесіне Чехия, Польша, Венгрия, Словакия, Румыния, Хорватия қарсылық танытуда. Олардың қатарында Украина да бар. Ешкім транзиттеуші мәртебесінен айырылғысы келмейді.
Жалпы Варшава "Газпроммен" келісімшарт мерзімі аяқталған соң, 2022 жылдан бастап ресейлік отыннан бас тартуға дайын екенін білдірді. Поляктар Солтүстік теңізде төселіп жатқан норвегиялық тармақ - Baltic Pipe құбырына үміт артып отыр. Қалғаны – мұхиттың арғы жағындағы сұйылтылған табиғи газ.
"Солтүстік ағын – 2" екі тармағының жалпы қуаты – жылына 55 миллиард текше метр. Ұзындығы – 1234 километр.
Құбыр құрылысы 2019 жылдың желтоқсанында тоқтады. Швейцариялық Allseas құбыр төсеуші компаниясы америкалық санкциялардың кесірінен жобадан кетті. Бір жылдан кейін жұмыстар қайта жанданды. Бірақ Вашингтон жобаны әлі де қолдамай отыр.
Алайда Еуропадағылар жобаның энергетикалық қауіпсіздік үшін маңыздылығын түсініп отыр. Кремль де серіктестер жоба құрылысын аяқтауға ниетті екенін мәлімдеді.
Германия билігі мұны бірнеше рет растады. Атап айтсақ, 4 мамырда ГФР сыртқы істер министрі Хайко Маас Лондонда өткен "жетілік" СІМ басшыларының отырысында осы тектес мәлімдеме жасады. ГФР көмір және атом энергетикасынан бас тартуда. Қалпына келетін энергия көздеріне жеңіл көшу үшін елге көп газ қажет.
Бірнеше күннен кейін, 11 мамырда "Германияға арналған альтернатива" партиясының тең төрағасы Тино Крупалла "Егеменді ел ретінде біз көптеген елмен іскерлік қарым-қатынасты ұстану керекпіз" дегенді айтты. Ол газ құбырының құрылысын аяқтау ГФР үшін де, Ресей үшін де тиімді екенін атап өтті.
"Бір сәттік саяси текетірес ұзақ мерзімді тиімді экономикалық әріптесікті бұзуы мүмкін емес. Бұл жеке мүдде емес, бұл бизнес", - дейді РХДУ экономика факультетінің доценті Максим Черняев.
Бірақ қыркүйек соңында жоба іске қосылатынына күмәндануға ауқымды себептер бар.
"Мұнда тек заңды және саяси кедергі ғана тұрған жоқ. Жұмыс қарқыны төмен. 19 мамырдан 10 мамырға дейін – 3,1 километр, 1-19 сәуір аралығында – 8,6 километр төселді. Яғни 40 күнде 11,7 километр немесе күніне орта есеппен 0,3 километр салынды. Онда құрылысты аяқтау үшін 11 ай қажет", - деп санайды TeleTrade ақпараттық-аналитикалық орталығының бас экономисі Марк Гойхман.
Алайда жобаны түбегейлі тоқтату мүмкін емес екенін көбі түсінген секілді. Жаңа санкцияларға дес бермес үшін еншілес фирмаларды тартуға болады. Бұл ұзақ уақытты қажет еткенмен, нәтижелі болады.