Ресми мәліметке сәйкес, Ұлы Отан соғысы жылдарында 400-ден астам әскери тілші соғыс даласында еңбек етті. Олардың қатарында Макс Альперт, Евгений Халдей, Яков Рюмкин, Анатолий Гаранин, Всеволод Тарасевич, Марк Марков-Гринберг сынды танымал фотографтар да бар.
Әскери фотографтардың от пен оқтың ортасында жүріп, өз өмірлерін бәйгеге тіккені айтпаса да түсінікті. Олар соғыс даласындағы жағдайды суретке түсіріп, ахуал жайлы нақты деректер ұсынып отырды. Бұл соғыс жоспарын құру барысында өзекті рөл атқарды.
Кейде фотографтар арнайы құрастырылған көркем суреттер де түсірді. Бұл кадрлар мерзімді басылымның бірінші беттеріне басылып, соғыс кезінде кеңес халқын рухтандыруды мақсат етті. Әскери репортерлар мен танымал кадрлар жайлы біздің фотолентада.
Оқи отырыңыз: Отанға оралу: Ржев маңында қазақстандық жауынгерлердің сүйегі табылды – видео
Макс Альперт (1899-1980) — кеңестік фотограф және фоторепортер. Ол кеңестік репортажды суреттер топтамасын алғаш қолданғандардың бірі. Соғыс жылдарында Альперт тылда да, ұрыс даласында да еңбек етті.
Яков Рюмкин (1913-1986) — Ұлы Отан соғысы басталған уақыттан бері "Правда" газетінің фототілшісі қызметінде болды. Оның Сталинград шайқасы кезінде түсірген суреттері көбірек танымал. Украина, Молдова, Румыния, Венгрияны азат етуге фототілші ретінде қатысқан. Берлиндегі шайқасты да суретке түсірген.
Евгений Халдей (1917-1997) — ол соғыстың барлық 1418 күнінде иығына "Leica" камерасын асынып, Мурмансктан Берлинге дейін жүріп өтті. Ол түсірген іс-шаралардың қатарында сыртқы істер министрлерінің Париждегі кеңесі, Қиыр Шығыстағы жапондардың жеңілісі, Потсдамдағы одақтас держава басшыларының конференциясы секілді көптеген жиын-кеңестер бар.
Анатолий Гаранин (1912 - 1990) — Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең мықты соғыс репортерінің бірі. Соғыс жылдарында "Фронтовая иллюстрация" газетінің тілшісі. Кеңес Армиясының түрлі майдандағы соғыс әрекеттерін суретке түсірген.
Марк Марков-Гринберг (1907-2006) — соғыс басталған алғашқы күннен бері майданда жүрген. Ол соғысқа байланысшы ретінде қатысқанымен, соғыс пен демалыс минуттарының ерекше сәттерін суретке түсіріп отырған. 1943 жылдан бері "Слово бойца" газетінің фототілшісі болған.
Всеволод Тарасевич (1919-1998) — кеңестік фотожурналистиканың классигі. Ұлы Отан соғысы басталған шақтан бері Солтүстік-Батыс саяси басқаруының, кейіннен Ленинград майданының фототілшісі болған.