Өңірлер

Орал саябағында тағы төтенше жағдай: батутта ойнап жүрген балалар өлім аузынан қалды

© Sputnik / Серикжан КовланбаевНадувной батут
Надувной батут - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.05.2021
Жазылу
Бұл бір аптадағы екінші жағдай. 2 мамыр күні орталық бақта орналасқан аттракционнан ақау шығып, сегіз бала жарақаттанған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 10 мамыр - Sputnik. Оралда саябақта балалар ойнап жүрген кезде, кенеттен батуттың желі шыға бастаған. Оқиға болған кезде аттракционда 20-дан астам бала болды, деп хабарлайды "Мой город" порталы.

Оқиға 9 мамыр күні сағат 18.00 шамасында қалалық мәдениет және демалыс саябағында болған. Саябақта орнатылған батут балалар ішінде болған сәтте аяқ астынан желі шыға бастайды. Куәгерлер оқиға орнында түсірілген видеороликпен бөлісті. 

"Батут кішкентай емес, биік және көлемді. Оның ішінде түрлі жастағы 20-ға жуық бала болды. Ата-аналар балаларды құтқару үшін бірден аттракционға жүгірді. Кішкентай балалар қорқып, жылап жатты. Кіре берістегі қыз жай ғана бұл оның батуты екенін айтты, тіпті кешірім де сұрамады. Электр қуатының өшірілгенін жеткізді", - дейді Самал есімді қала тұрғыны.

Оның айтуынша, балалар ауыр жарақат алған жоқ, бірақ қатты қорқып қалған.

"Аттракционның иесі ақшаны қайтарғысы да келмеді, кейіннен қайтарып берді. Әңгіме ақшада емес, оқиғада ғой. Егер балалардың бірі ауыр жарақат алса немесе Құдай сақтасын, қайтыс болып кетсе ше? Сонда нағыз қаза болар еді. Бұл аттракциондар неге тексерілмейді? Қосалқы генераторлар неге жоқ? Саябаққа батут неге қояды? Бұл демалыс орны емес пе, аттракционнан аяқ алып жүре алмайсыз. Балаға қауіпті екенін қалай түсіндіруге болады? Жақында ғана аттракционға байланысты оқиға болған еді", - дейді әйел.

Оқи отырыңыз: Оралда ата-аналар әткеншекке мінген балаларын күтіп тұрғанда күтпеген оқиға болды

Бұл арада қалалық мәдениет және демалыс саябағының директоры Жасұлан Сәкенов болған жайттан хабарсыз екенін, бірақ тексеріс жүргізілетінін айтты.

"Кеше демалыс болды, мен кешке дейін жұмыста болдым, бірақ маған бұл жағдай туралы айтылмады. Электр қуаты кеше шынымен сөніп қалды, соған байланысты орын алған оқиға шығар. Бүгін біз қызметтік тексеріс жүргіземіз", - деп атап өтті Жасұлан Сәкенов.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ешкім медициналық көмекке жүгінбегенін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, бұл аптадағы екінші жағдай. 2 мамыр күні қалалық мәдениет және демалыс саябағында төтенше жағдай болды. "Калейдоскоп" каруселі кенеттен тоқтап, креслода отырған балалар бір-біріне соқтығысты. Сегіз бала жарақаттанды.

Жаңалықтар
0