НҰР-СҰЛТАН, 7 мамыр — Sputnik. Демалыс күндері Қазақстан аумағында ауа райы бұзылады, деп болжады Қазгидромет мамандары.
Синоптиктердің мәліметінше, Балтық жағалауы аймақтарынан келетін кезекті циклон Қазақстан аумағы арқылы бірте-бірте жылжып, жылы және құрғақ ауа райын алмастырады.
"Соның ықпалымен алдымен солтүстік-батыс, одан кейін елдің қалған өңірлерінде нөсер жаңбыр жауады", - делінген хабарламада.
Ал 9 мамырда еліміздің солтүстігінде, орталығында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында найзағай ойнап, желдің екпіні 15-20 м/с-қа, оңтүстік және шығыс бөлігінде 23-28 м/с-қа дейін күшейеді, бұршақ жаууы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Мамырда ауа райы қандай болады – Қазгидромет болжамы жарияланды
Қазақстанның оңтүстігіне әлі де жылы ауа массалары әсер ететіндіктен, бұл өңір айтарлықтай салқындамайды. Мәселен, күндіз ауа температурасы 22...30°С дейін жылынады, алайда солтүстік облыстарда 7 мамырда температура фоны 12...20°С дейін төмендеп, түнде үсік жүруі мүмкін.