НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс парадына қатысу үшін Мәскеуге баруды жоспарлап отырған жоқ, деп мәлімдеді мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли.
"Президенттің баспасөз қызметіне БАҚ өкілдерінен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеудегі Жеңіс күніне арналған парадқа қатысатын-қатыспайтынын сұраған сауалдар келіп түсіп жатыр. Ресей тарапынан парадқа шақыру келген жоқ. Сондықтан мемлекет басшысының жұмыс кестесінде Мәскеуге сапар жоспарланбаған", – деді Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Айта кетейік, 9 мамырда Мәскеудің Қызыл алаңында өтетін парадқа 12 мыңнан астам әскери және 190 бірлік қару-жарақ пен әскери және арнайы техникалар қатысады. Алаңда ең алдымен жаяу әскер жауынгерлері мен содан кейін механикаландырылған колонна жүріп өтіп, шеруді авиациялық техникалар аяқтайтын болады.
Бұған дейін Қазақстанның қорғаныс министрлігі қазақстандық әскерилер биыл Қызыл алаңдағы парадқа қатыспайтынын хабарлаған.
Оқи отырыңыз: Посткеңестік елдер пандемия жағдайында Жеңіс күнін қалай атап өтеді - видео
Қазақстанда коронавирустық инфекцияға байланысты бұқаралық іс-шараларға тыйым салынғандықтан, биыл Қазақстанда Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған шеру өткізу жоспарланбаған.