НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Атырауда туа сала баласын қоқысқа тастаған келіншекке қатысты іс сотқа жетті.
Жарық дүние есігін ашпай жатып, қатыгездікке тап болған шарананың анасы мен оның адвокаты, сот процесіне журналистердің қатысуына қарсылық білдірді, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"Ұяламын" деген шақалақтың анасы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының 35 жастағы тұрғыны. Келіншек дәретханада босанып, нәрестесін қоқыс алаңына лақтырған деп айыпталуда. Безбүйрек анаға қылмыстық іс алғашында "Жүктілікті жасанды үзуді заңсыз жүргізу" бабымен тергелді.Қазір "Жаңа туған баланы анасының өлтiру" бабымен қаралып жатыр.
Айта кетейік, сот процесі онлайн өтіп жатыр, айыпталушы да ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған. Ол да бұл процеске онлайн қатысуда.
"Жабық сот отырысын өткізуге қаулы етілді. Сотталушы журналистердің қатысуына қарсы болып отыр. Себебі отбасылық- тұрмыстық кейкілжіңдер анықталуы мүмкін. Сотталушының оны елге жариялағысы жоқ. Сондықтан сот актісін ғана аласыздар", - деді Қызылқоға аудандық сотының судьясы Айдын Байназаров.
Естеріңізге салайық, бұл жаға ұстатарлық жағдай биыл 24 қаңтарда болған еді. "Қан кетіп жатыр" деген хабармен жанұшыра жеткен ақ халаттылар әйелдің жас босанғанын анықтаған. 35 жастағы келіншектің күйеуі және кәмелетке толмаған 4 баласы бар. Алайда осы жүктілігінде дәрігерлерде есепке тұрмаған.