НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Атырауда Жұлдыз шағын ауданында екі күн бұрын жоғалып кеткен 1,5 жасар сәбидің денесі табылды.
Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстанға қала әкімдігінің баспасөз қызметі растады.
"Бала табылды, өкінішке қарай, ол көз жұмған", - деп мәлімдеді ведомстводан.
Еріктілердің айтуынша, баланың денесі қоқысқа толы ескі септиктен табылған.
Сәбидің жоғалып кеткені туралы ақпарат 20 мамыр сағат 14.01-де түсті.
Бала үйінен шамамен сағат 13.30-да шығып, сол күйі оралмаған. Көрші үйде орнатылған камераға баланың әуелі аулада болғаны, кейін көшеге шыққаны түсіп қалған.
Бала анасы бір-екі минутқа үйге кіріп шыққан кезде із-түссіз жоғалып кеткен.
"Біз көшелерді аралап, тұрғындардан сұрастырып шықтық, бірақ еш нәтиже болмады. Содан кейін әлеуметтік желілер арқылы еріктілерді тарттық", - дейді қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерлан Биғамбаев.
Сәбиді іздеуге 50 полицей мен 400-ге тарта ерікті жұмылдырылды.