НҰР-СҰЛТАН, 3 мамыр – Sputnik. Қазгидромет 4 мамырға арналған ауа-райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ертең Қазақстан аумағының басым бөлігінде антициклон ықпалы сақталатындықтан, ауа-райы жауын-шашынсыз болады. Тек, солтүстік-шығыс пен батыста атмосфералық фронтальды ауа қысымы жүріп жаңбыр жауады, кей жерлерде найзағай ойнайды", – делінген хабарламада.
Республиканың кей өңірлерінде желдің күшеюі күтіледі. Оңтүстікте – шаңды дауыл соғып, түнде және таңертең солтүстікте тұман түседі.
Қызылорда облысының кей жерлерінде шаңды дауыл көтеріліп, желдің күшеюі 15-20 м/с, ал күндіз екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді.
Түнде Павлодарда, күндіз Ақмола, Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облысының кей жерлерінде 15-20 м/с желді күшеюі күтіледі.
Сондай-ақ Түркістан облысында шаңды дауыл соғып, Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде – найзағай ойнайды. Солтүстік Қазақстан облысында түнде және таңертең тұман түседі.
Жамбыл облысында 15-20 м/с жел күшейіп, күндіз 23-28 м/с-қа дейін жетеді.
Түнде Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде 3 градусқа дейін аяз күтіледі.
Оқи отырыңыз: Мамырда ауа райы қандай болады – Қазгидромет болжамы жарияланды
Алматыда көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Түнде және таңертең тұман түседі. Ауа температурасы түнде 13-15, күндіз 27-29 градус жылы болады.
Нұр-Сұлтанда көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Солтүстіктен соққан жел 7-1 м/с-қа дейін жетіп, шығысқа қарай ығысады. Ауа температурасы түнде 3-5, күндіз 20-22 градусқа дейін көтеріледі.