Экономика

Алматы әуежайын түрік компаниясы басқаратын болды

© Photo : РСК АлматыАэропорт Алматы
Аэропорт Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.04.2021
Жазылу
Әуежайды басқаруға алған компания келешекте жаңа халықаралық терминал құрылысына 200 миллион АҚШ долларын инвестициялайды

НҰР-СҰЛТАН, 30 сәуір – Sputnik. TAV Airports компаниясы (Groupe ADP құрамына кіреді) мен Kazakhstan Infrastructure Fund қоры сатып алуды аяқтап, Алматы әуежайының операциялық қызметін басқаруды өз мойнына алды.

Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, мәміле бойынша есеп айырысу аяқталғаннан кейін TAV компаниясы әуежай мен жанармай жеткізу және кейтеринг бойынша қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпорын акцияларының 85%-інің бенефициарлық меншік иесі болады.

Қалған 15% VPE Capital басқаруымен Kazakhstan Infrastructure Fund қорына тиесілі. Қордың басты инвесторы – "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ.

"Алматы әуежайының өсім әлеуеті жоғары деп санаймыз. Өзіміздің көпжылдық тәжірибемізге сүйене отырып, біз осы әлеуетті толық көлемде іске асыру бойынша жұмыс істейтін боламыз. Мен Қазақстанда шетелдік инвесторларға деген оң көзқарасты ерекше атап өткім келеді және бұл процесті мейлінше қолайлы етуге атсалысқан билік өкілдеріне, серіктесімізге, кредит ұсынушылар мен қызметкерлерге алғыс білдіремін", – деді TAV Airports президенті және атқарушы директоыр Сани Шенер.

Жаңа терминал қашан салынады

Пандемия салдарынан трафиктің төмендеуіне байланысты алдында келісілген 415 миллион доллар көлеміндегі сауда бағасы 365 миллион долларға дейін арзандатылды. Егер тариф пандемияға дейінгі деңгейге жететін болса, онда сатып алушылар концорциумы болашақта қосымша 50 миллион доллар төлейді.

TAV жаңа халықаралық терминалдың құрылысына 200 миллион АҚШ долларын инвестициялайды. Бұл терминал жылына кемінде 14 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады.

Алматы әуежайы туралы

Алматы әуежайы 1935 жылы ашылған және ол Орталық Азиядағы жүктемесі жоғары көлік торабы. Әуежайда екі ұшу-қону жолағы бар.

"Эйр Астана" ұлттық әуе тасымалдаушы компаниясының базасы болып саналатын Алматы әуежайы 2019 жылы 6,4 миллион жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 13%-ке артық. Әуежай COVID-19 шектеуіне байланысты жолаушылар ағынының 3,6 миллионға дейін төмендеуіне қарамастан, 2020 жыл табысты болғанын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда әуежай қызметкерінің киімі жұртты таңғалдырды – видео 

"Эйр Астанадан" бөлек Fly Arystan, Scat Airlines және Qazaq Air Алматыны өз базасы ретінде қолданады. Пандемияға дейін Алматы түрлі бағыт бойынша көптеген рейсті орындайтын 35 жолаушылар және 9 жүк тасымалдаушы әуе компаниясының ірі өңірлік көлік торабы болды.

Жаңалықтар
0