Қоғам

"Мұны қалай түсінеміз?": депутат Аймағамбетовтен ҰБТ мәселесін шешуді сұрады

© Sputnik / Абзал КалиевЕНТ-2020
ЕНТ-2020 - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.04.2021
Жазылу
Мәжіліс депутаты биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы қандастарға емтиханды Қазақстанға келіп тапсыру керек деген талап қойғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 28 сәуір – Sputnik. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса шетелдегі қандастарға ҰБТ-ны Қазақстанға келіп емес, өз елінде онлайн тапсыруға мүмкіндік беруді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Министрліктің ұлттық тестілеу орталығы пандемияға байланысты шекара шегендеулі кезде, әлемді жайлаған жаман індетті көрмейтіндей басқа планетада өмір сүріп жатыр ма?! Әлемнің көп елінде шекараның жабық екенін ескерсек, пандемияның келесі толқындарының күштілігін болжасақ,  шекара маусым айына дейін ашылмайтыны белгілі. Яғни біз Атамекенде білім алам деген қандастарымызды оқуға қабылдай алмай қалуымыз мүмкін", - деді Иса білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жолдаған депутаттық сауалында.

Ол шетелдегі қандастарды Қазақстанға шақырудың бірегей жолы – атамекенде тегін білім алуға мүмкіндік жасау екенін атап өтті. Мәселен, былтыр 2022 қандас Қазақстанға оқуға ниет білдірген, алайда тек 930-ы ғана қабылданды.

"Көршілес Ресей барлық ТМД елдеріне бөлінетін грант санын 2024 жылға дейін 30 мыңға көтеруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Қазақстанға бөлінетін грант саны 1 орында тұр. Ал біз оқуға келемін деп отырған өз бауырларымызға өзіміз кедергі болып отырмыз. Яғни шекараның жабық екенін көре тұра, ар жағында қалған қандастарымызды оқуға қабылдауды қолдан қиындатып, Қазақстанға келіп тест тапсыру керек деген талапты қалай түсінеміз?", - деп ашынды мәжілісмен.

Тағы бір түсінуге келмейтін жағдай, 2020 жылы мыңға жуық қандасымыз дайындық курстарына түсіп, мемлекеттің ақшасына оқыды. Ал енді сол балалар ҰБТ тапсырып, жоғары оқу орындарына түсу керек. Бірақ олар  пандемия тосқауылында қалай Қазақстанға келіп ҰБТ тапсырады? Сонда мемлекет қаржы бөліп, оқытып, жарты жолда тастап кете ме?, деп жалғастырды Қазыбек Иса.

Оқи отырыңыз: "Бәріне шыдап келеді": депутат әлеуметтік наразылыққа әкелуі мүмкін мәселені көтерді

"Қытайда болып жатқан жағдай өздеріңізге мәлім. Саяси қатаң қысым салдарынан 2019 жылы оқуға 50-ге жуық қана бала келе алды. Қазір 300-ге тарта бала келуі мүмкін. Олар Қытайдан шекара асып жете алған жағдайда, біздің үкімет құшақ жайып қарсы ала қоя ма?", - деді депутат.

Ол осы мәселелердің барлығын ескеріп, шекара ашылмаған жағдайда, ҰБТ тапсырудың басқа да жолдарын қарастыруды сұрады:

  • ҰБТ талаптарын қандастарға жеңілдету;
  • қандастар тұрып жатқан мемлекеттерге барып қабылдау;
  • ҰБТ-ны елшіліктердің ғимаратында ұйымдастыру;
  • қандастарға ҰБТ-ны онлайн тапсыруға мүмкіндік беру.
Жаңалықтар
0