НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір — Sputnik. Мәжілістің жалпы отырысында "Ақжол" фракциясы үкіметке депутаттық сауал жолдап, техникалық персоналдың жалақысын көтеруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Мақсат Раманқұловтың айтуынша, бүгінде педагогтар мен дәрігерлердің жалақысын көтерсе де, осы салада жұмыс істейтін қатардағы қызметкерлердің еңбекақысы өзгермей келеді. Олардың ішінде санитарлар, ассистенттер, еден жуушылар, жедел жәрдем жүргізушілері, мұражай, өнер, мектеп, балабақша, кітапхана, мұрағат саласындағы өзге де қызметкерлер бар. Техникалық персоналдың алатын ақшасы да мардымсыз. Осы орайда депутат "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша үлкен шаралардың қолға алынғанын еске салды. Ал мұрағат, мұражай мен кітапханадағы орта буын қызметкерлерінің, тіпті, жоғары білімі бар мамандардың орташа жалақысы шамамен 60 мың теңгені құрайды.
"Бұдан бөлек, жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы 70-75 мың теңге және бес жылдан астам уақыт бойы көтерілген жоқ. Мектептер мен балабақшалар техникалық қызметкерлерінің жалақысы шамамен 50 мың теңге. Мұндағы қызметкерлердің көпшілігі өз жұмысын адал атқарады және ондаған жыл бойы осылай жұмыс істейтін шынайы энтузиастар", - дейді Раманқұлов.
Осы санатқа кіретін мамандар инфляцияға да шыдайды. Азық-түлік бағасы көтерілгенде ләм-мим демейді. Мемлекеттік органдар болса, коммуналдық қызметтердің тарифін көтеруге келісе салады.
"Біздің азаматтарымыздың бұл санаты тіпті ипотека бойынша тұрғын үйге қол жеткізе алмайды және ондаған жыл бойы жалдамалы пәтерлерде тұрады. Жалақыларына дұрыс киіне алмайды, балаларын асырай алмайды, күнделікті мәселелерді шеше алмайды. Осындай жалақыға қалай өмір сүрсін?", - деп атап көрсетті депутат.
"Ақ жол" фракциясының депутаттары әлеуметтік саладағы жалақыны көтергенде техникалық қызметкерлердің еңбекақысын да арттыру қажет деп есептейді.
"Егер дәрігерге скальпель немесе қысқыш беретін ешкім болмаса немесе оттегі аппараты жұмыс істемесе, бірде-бір дәрігер ота жасай алмайды. Егер мектептің от жағушысы жұмысқа шықпаса және мектептің ағаш ұстасы сынған терезені алмастырмаса, мұғалім суық сыныпта сабақ өткізе алмайды. Егер сахна жұмысшылары аппаратура мен декорацияларды орнатпаса, ешбір еңбек сіңірген әртіс өнер көрсете алмайды. Егер мұрағат қызметкерлері тонна құжатты мұқият айналдыра алмаса, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау болмайды", - деді Раманқұлов.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда шілдеден бастап кімдердің жалақысы 150 процентке дейін өседі?
Оның айтуынша, қазіргі кезде осы санаттағы азаматтардың 90 проценті кредитке белшесінен батқан. Үкімет тарапынан нақты көмек те көрсетілмейді. Бұның барлығы әлеуметтік наразылыққа әкеліп соқтыруы мүмкін.